Бүгін «Ақмаржан» агромәдени фестивалі аясында Қызылорда қаласында «Алтын күз – 2026» мерекесіне орай Жалағаш ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Таңғы сағат 09:00-де басталған жәрмеңкеде аудан өнімдері қала тұрғындарына төмендетілген бағамен ұсынылды.
Жәрмеңкені облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен аудан әкімі Ерлан Төрәлиев аралап көріп, аудан диқандарының еңбегіне оң бағасын берді.
Жәрмеңкеге Жалағаш ауданының шаруалары 200 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізді. Атап айтқанда, 40 тонна күріш, 30 тонна картоп, 10 тонна сәбіз, 20 тонна пияз, 20 тонна асқабақ, 20 тонна қауын мен қарбыз, 30 тонна көкөніс, 4 тоннадан астам ет пен балық өнімдері және 1 тоннаға жуық сүт өнімі саудаға шығарылды.
Айта кетейік, жәрмеңке аясында өнімдер базардағы бағадан 15-20 пайызға төмен сатылды.
Жәрмеңке қала тұрғындарының жоғары сұранысына ие болып, тұтынушылар аудан еңбеккерлеріне ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар Жалағаш ауданының дәнді дақылдары, көкөніс-жемістері мен бақша өнімдерінен көрме ұйымдастырылды.
Бұған қоса, сахнада аудан өнерпаздары ән шырқап, жәрмеңкеге келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.









