Сан-Франциско, 2026 жылғы 22 қазан– Сан-Франциско қаласы әкімдігінің ғимаратында қала мэрі Дэниел Лури менҚазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Мағжан Ілиясовтыңқатысуымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру салтанатты рәсімі өтті.
Іс-шараға дипломатиялық корпус, іскерлік және академиялық орта өкілдері, сондай-ақ қазақ диаспорасының мүшелері қатысты.
Сан-Франциско мэрі қазақ қауымдастығын Республика күнімен құттықтап, арнайы прокламация жариялап, 2026 жылғы 25 қазан Сан-Францискода «Қазақстан-Америка достығы мен мәдени мұрасы күні» болып белгіленді. Қала мөрі басылған құжатта қазақ-америкалық қауымдастықтың Сан-Францисконың мәдени және қоғамдық өміріне қосқан үлесі және Қазақстанның Бас консулдығының екіжақты мәдени байланыстарды нығайтудағы қызметі атап өтілді.
Салтанатты рәсім барысында Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды.
Мерекелік іс-шара Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынастардың 35 жылдығына арналған ресми қабылдау және мәдени бағдарламамен жалғасты.
Бас консулдық тарихында алғаш рет осындай ауқымда ұйымдастырылған қабылдауға 150-ге жуық қонақ қатысты. АҚШ мемлекеттік органдары мен жетекші технологиялық компаниялардың өкілдері құттықтау сөз сөйледі. Іс-шара Қазақстан мен АҚШ арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ қазақ мәдениетін дәріптеуге арналды.
Мереке құрметіне Сан-Франциско қаласы әкімдігінің ғимараты Қазақстан туының көгілдір түсімен жарықтандырылды.






