Бүгін облыс әкімдігінде ҚР Құрылтайы Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің депутаттары тамақ өнеркәсібіндегі отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелеріне арналған көшпелі отырыс өткізді.
Құрылтай депутаты Наталья Годунованың төрағалығымен өткен жиынға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің мүшелері, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова, Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры Рысхан Нұғырбеков пен бизнес өкілдері қатысты.
Наталья Годунова елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде отандық тамақ өнеркәсібін дамытудың маңызын атап өтті. Ол жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдауға, отандық шикізатты өңдеу көлемін арттыруға және саланың дамуын тежейтін кедергілерді жоюға ерекше назар аударды.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың сөзінше, Шығыс Қазақстан - елдегі азық-түлік өнімдерін өндіруші жетекші өңірлердің бірі.
«Аймақ өсімдік майын, күнжара мен бал өндіруден республикада бірінші орын алады, ал жаңа ауланған балық, қымыз, құрт және шұжық өндіруден екінші орында. Құс еті, қарақұмық жармасы және консервіленген өнімдер өндірісі бойынша Қазақстанның жетекші үш өңірінің қатарына кіреміз. Биыл азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі бойынша Шығыс Қазақстан республикада бесінші орында тұр», – деді өңір басшысы.
2025 жылы Шанхайда өткен 8-ші Қытай халықаралық импорт көрмесінде қазақстандық кәсіпорындар 55 млрд теңгеге май-тоңмай өнімдерін жеткізу туралы келісімшарттар жасады. Оның 26,2 млрд теңгесі облыстың «Altyn Shygys» ЖШС мен «Востоксельхозпродукт» ЖШС кәсіпорындарының үлесіне тиесілі. Биыл Өскеменде өткен «Pro Сүт» халықаралық форумында Ресейден асыл тұқымды мал жеткізу жөнінде алдын ала келісімдерге қол жеткізілді.
«Осы жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялауға 26,3 млрд теңге бөлінді, ал агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларын несиелендіруге 4 млрд теңге қарастырылған. Біздің міндетіміз – кәсіпорындарды одан әрі жаңғыртуды, өнім сапасын арттыруды және өткізу нарықтарын кеңейтуді қамтамасыз ету. Мұның барлығы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға ықпал етеді», – деп толықтырды Нұрымбет Сақтағанов.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаев өңірдегі тамақ өнеркәсібінің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы ақпарат берді.
Отырыс қорытындысы бойынша алдағы жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды. Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, жеңілдетілген қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, отандық шикізатты өңдеуді ынталандыру және дайын өнімді өткізу нарықтарын кеңейту.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).









