Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы өңірдегі газ жүйесі ұйымдарының жауапты өкілдерімен жұмыс кездесуін ұйымдастырды. Бұл іс-шара өндірістік нысандардағы қауіпсіздік режимдерін нығайту, апаттық жағдайлардың алдын алу және саладағы бақылауды күшейту мақсатында өткізілді.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы бойынша тұрмыстық газ баллондарының жарылуына әкеп соқтырған негізгі себептер мен факторларға жан-жақты талдау жасалды. Сонымен бірге газ құю станциялары мен пункттерінің, сондай-ақ автогаз құю бекеттерінің қызметін ұйымдастыру кезіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларының сақталу мәселелері кеңінен түсіндірілді. Нысандарды пайдалану барысында техникалық талаптарды мүлтіксіз орындаудың маңыздылығы атап өтілді.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушы ұйымдарға бірқатар міндетті тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда, белгіленген қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстану, ақауы бар немесе пайдалану мерзімі өткен баллондарды айналымнан жедел түрде шығаруды қамтамасыз ету, сондай-ақ автогаз құю бекеттерінде тұрмыстық газ баллондарын қайта толтыру фактілеріне мүлдем жол бермеу міндеттелді.
Бұдан бөлек, қолданыстағы Техникалық регламент пен Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес газ нысандарына сапалы әрі уақтылы техникалық қызмет көрсету, жөндеу және диагностикалық тексеру жұмыстарын тұрақты жүргізіп тұру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.









