Ағымдағы жылдың 22 қазан күні Ақтау халықаралық әуежайында FlyArystan әуе компаниясының «Ақтау – Ыстамбұл» бағыты бойынша. алғашқы тікелей халықаралық рейсінің ашылу салтанаты өтті.
Жаңа әуе бағытының ашылуы өңірдің көліктік қолжетімділігін арттыруға, Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық және туристік байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысы «ашық аспан астындағы мұражай» ретінде танымал. Каспий теңізінің жағалауы, ерекше табиғи ландшафттар мен Бекет ата, Шопан ата, Шақпақ ата, Қараман ата және Сұлтан епе жерасты мешіттері өңірдің туристік әлеуетін арттырып отыр.
Айта кетейік, биыл жазда «Ақтау – Үрімші» (Қытай) тікелей әуе рейсі іске қосылды. Ал 27 қазаннан бастап «Ақтау – Ыстамбұл» бағыты бойынша тұрақты рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады.
Алғашқы FS 7625 рейсінің ұшуы 22 қазан күні сағат 17:35-ке орындалды.
Жаңа халықаралық бағыттың ашылуы Маңғыстау облысына келетін туристер санын ұлғайтуға және Ақтаудың халықаралық авиациялық орталық ретіндегі маңызын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.









