Олжас Бектенов Шымкенттің индустриялық дамуымен танысып, жол сапасын жақсарту жұмыстарын тексерді

    📌 Премьер-министр Олжас Бектенов Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуымен, өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысымен және жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстармен танысты.

    Сапар аясында Премьер-министр «Жұлдыз» және «Тассай» индустриялық аймақтарын аралап, Бәйдібек би даңғылы мен Қ. Төлеметов көшесінің қиылысындағы көлік айрығының құрылыс барысын көрді. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстарымен танысты.

    🔹 Өнеркәсіптік әлеует артып келеді

    «Жұлдыз» индустриялық аймағында орналасқан Wan Sheng Ceramic зауыты биыл жылына 12–13 млн шаршы метр өнім өндіретін жобалық қуатына жетті. Кәсіпорында 350 тұрақты жұмыс орны құрылған. Өндірісте пайдаланылатын шикізаттың шамамен 95%-ы Қазақстандағы кен орындарынан алынады. Өнімнің 40%-ы ТМД елдеріне экспортталады.

    Ал «Тассай» индустриялық аймағындағы «Asia Trafo» кәсіпорны күштік трансформаторлар, автотрансформаторлар және басқа да электр жабдықтарын шығарады. Зауыттың жылдық жобалық қуаты – 12 мың МВА. Кәсіпорында 200-ден астам адам еңбек етеді. Өнімдер еліміздегі ірі энергетикалық нысандарға жеткізіледі.

    🔹 Экономикалық өсім және жаңа инвестициялар

    Қазіргі таңда Шымкентте жалпы ауданы 1 530 гектарды құрайтын сегіз индустриялық аймақ жұмыс істейді. Олардың аумағында 354 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, шамамен 11 мың жұмыс орны құрылған. Индустриялық аймақтардың толымдылығы 90%-ға жетті.

    2025 жылы қаланың жалпы өңірлік өнімі 5,9 трлн теңгені құрады. Ал 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,2 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,9%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 580 млрд теңгені құрады.

    📍 Сапар қорытындысы бойынша Премьер-министр жауапты министрліктер мен қала әкімдігіне өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдау, өндірістік қуаттарды кеңейту және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктерін толық пайдалану жөнінде тиісті тапсырмалар берді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы" жаңалықтары