Қарағанды қаласында кәмелетке толмағандар арасында деструктивті діни идеологиялардың таралуының алдын алу және білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелеріне арналған оқыту семинары өтті.
Іс-шараға Қарағанды облысының дін істері және білім басқармаларының басшылары, ювеналды полиция қызметкері, облыс әкімдігінің терроризмге қарсы комиссиясы аппаратының маманы, сондай-ақ мектеп басшылары мен педагогтер қатысып, жасөспірімдердің діни сауаттылығын арттыру, сыни ойлау қабілетін дамыту және деструктивті діни идеологиялардың алдын алу жолдарын талқылады.
Семинар барысында әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстар арқылы радикалды идеялардың таралуына жол бермеу, деструктивті діни ағымдардың ықпалын ерте анықтау және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру мәселелеріне назар аударылды.
Сонымен қатар мектептерде профилактикалық жұмысты ұйымдастырудың құқықтық негіздері, оқушылардың мінез-құлқында алаңдаушылық тудыратын белгілер байқалған жағдайда әрекет ету тәртібі және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тетіктері түсіндірілді.








