Ақмола облысы Бурабай ауданының Успено-Юрьевка ауылында 294-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Өрт сөндіру бекеті ең жақын мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен 41 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол жалпы саны 1 472 адамды құрайтын бес елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жаңа бекеттің басты ерекшелігі – оның көпфункционалды болуы. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерінен бөлек, ол халыққа қолдау көрсету орталығы ретінде де жұмыс істейді. Бекет базасында медициналық пункт, учаскелік полиция пункті және жергілікті атқарушы орган өкілінің жұмысы ұйымдастырылады.
Қажетті қызметтердің бір жерде шоғырлануы ауыл тұрғындары үшін көмектің қолжетімділігін арттыруға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және халыққа кешенді қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Өрттер мен басқа да оқиғаларға жедел ден қою үшін бекет қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жеке құраммен жасақталған. Оның ашылуы өрт сөндіру бөлімшелерінің оқиға орнына жету уақытын қысқартып, шалғайдағы елді мекендер тұрғындарын қорғау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекетінің ашылуы өңірдегі азаматтық қорғау жүйесін дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Жобаны іске асыру ауылдық аумақтардың қауіпсіздігін арттыруға, төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартуға және Ақмола облысы тұрғындары үшін қауіпсіз өмір сүру жағдайларын қалыптастыруға бағытталған.









