Медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) аумақтық бөлімдерінің қызметі, сондай-ақ «Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау» мемлекеттік қызметін көрсету тәртібі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 бұйрығымен бекітілген «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларымен» реттеледі.
Қазіргі уақытта Қағидаларға сәйкес, сырттай проактивті форматта куәландыру жүргізілетін нозологиялық нысандардың белгілі бір тізбесі бар.
2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша МӘС бөлімдері 11 451 мемлекеттік қызмет (бұдан әрі – МҚ) көрсетті. Оның ішінде 5 361 мемлекеттік қызмет сырттай проактивті форматта көрсетіліп, жалпы көрсетілген қызметтердің 46,8%-ын құрады.
Егер куәландырылатын адамның ауруы сырттай проактивті куәландыруға жататын нозологиялық нысандар тізбесіне енгізілген болса, емдеуші дәрігерлер сырттай проактивті куәландыру жүргізу үшін қажетті жолдамалық құжаттар топтамасын жібереді.
Емдеуші дәрігер пациентке оның сырттай проактивті куәландыруға жіберілгені туралы және мүгедектікті белгілеуге қажетті дербес деректер мен мәліметтерді жинауға және өңдеуге келісім беру үшін SMS-хабарламаға жауап жіберу қажеттігі туралы хабарлайды.
Дәрігерлік-консультациялық комиссия төрағасының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) бекітілген № 031/у нысаны ақпараттық жүйелер арқылы автоматтандырылған режимде беріледі.
Сырттай проактивті куәландыру (қайта куәландыру) пациенттің немесе оның өкілінің келісімі болған кезде электрондық № 031/у нысаны және электрондық құжаттар топтамасы негізінде жүргізіледі.
Электрондық медициналық құжаттар аурудың бейініне сәйкес, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы стандарттар мен диагностика, емдеу және оңалту жөніндегі клиникалық хаттамаларға сай қоса беріледі.
Құжаттар «Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер базасы» (бұдан әрі – МОДБ) автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі – ААЖ) сырттай проактивті куәландыру үшін келіп түскен кезде МӘС маманы олардың толықтығын және қолданылу мерзімін тексереді.
МӘС актісі мамандардың қарауына бөлінген кезде куәландырылатын адам туралы деректер иесіздендіріледі.
Сырттай проактивті куәландыруға арналған МӘС актісінің жобасы келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде сараптамалық қорытынды шығарылады.
Сараптамалық қорытындыға куәландырылатын адамның тұрақты тіркелген жері бойынша МӘС бөлімшесіне МӘС актісі келіп түскен күні бөлімше басшысы ЭЦҚ арқылы қол қояды. Осыдан кейін медициналық ұйымға хабарлама және қызмет алушыға немесе оның өкіліне SMS-хабарлама автоматтандырылған режимде жіберіледі.
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелері бойынша қызмет алушы немесе оның заңды өкілі «электрондық үкімет» веб-порталының (www.egov.kz) «Жеке кабинеті» арқылы куәландыру құжаттарын алады.
Қызмет алушының немесе оның өкілінің талабы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелері тұрақты тіркелген жері бойынша аумақтық МӘС бөлімі арқылы қағаз түрінде беріледі.









