Алматыда пластмасса және химия өнеркәсібіне арналған Plastex Qazaqstan халықаралық көрмесі өтті. Көрме аясында сала өкілдеріне пластмасса және химия өнеркәсібіне қатысты инновациялық шешімдер, жабдықтар, шикізат пен технологиялар таныстырылды.
Іс-шараға Энергетика министрлігінің Мұнай-газ химиясы және техникалық реттеу департаментінің директоры Темирлан Уркумбаев қатысып, еліміздің мұнай-газ химиясы өнеркәсібінің даму нәтижелері, инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы және саланы одан әрі дамыту перспективалары туралы баяндады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндіріс көлемі 619 мың тоннаны құрады. Бұл 2023 жылғы 358 мың тоннамен салыстырғанда 73%-ға жоғары. Өндіріс құрылымында полипропилен басым үлеске ие. Сонымен қатар елімізде параксилол, майлау материалдары, метил-трет-бутил эфирі және бензол өндіріледі.
Саланың одан әрі дамуының негізгі факторларының бірі – ірі инвестициялық жобаларды іске асыру. Қазіргі уақытта Қазақстанда полиэтилен, карбамид, бутадиен және алкилат өндіретін жаңа өндірістерді құру жұмыстары жүргізілуде.
Атырау облысында жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіруге арналған интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар полиэтилен өндірісін қажетті шикізатпен қамтамасыз ететін газды бөлу кешенінің жобасы іске асырылуда.
Басым бағыттардың қатарында Атырау облысында жылына 339 мың тоннаға дейін бутадиен және Павлодар облысында жылына 100 мың тоннаға дейін алкилат өндіретін кәсіпорындарды дамыту да бар. Бұл жобаларды іске асыру отандық мұнай-газ химиясы өнімдерінің түрлерін кеңейтуге және көмірсутек шикізатын ел ішінде терең өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Энергетика министрлігі мүдделі тараптармен бірлесіп, «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасын әзірледі. Құжат Құрылтайдың қарауына енгізілді. Заң жобасы саланы мемлекеттік ынталандыру шараларын, қажетті инфрақұрылымды дамытуды, шикізатпен және білікті кадрлармен қамтамасыз етуді, сондай-ақ отандық мұнай-газ химиясы өнімдеріне сұранысты ынталандыруды көздейді.









