ЗЕЙНЕТАҚЫ АННУИТЕТІ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАРЫ ЕСЕБІНЕН ӨМІР БОЙЫ ТӨЛЕМ АЛУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

    ЗЕЙНЕТАҚЫ АННУИТЕТІ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАРЫ ЕСЕБІНЕН ӨМІР БОЙЫ ТӨЛЕМ АЛУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

    2026 жылдың 8 айында Қазақстанда зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері 81,5 млрд теңгені құрады. Ал сақтандыру жарналарының көлемі 624,7 млрд теңгеге жетті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақымен қамсыздандырудың осы тетігі қалай жұмыс істейтінін және келісімшарт жасасу үшін қандай талаптар қойылатынын түсіндіреді.

    Зейнетақы аннуитеті бойынша азамат өзінің зейнетақы жинақтарын өмірді сақтандыру компаниясына аударады. Ал компания оған өмір бойы тұрақты төлем жасап отыруға міндеттеме алады. Демек, төлем адамға өмір бойы беріледі. Тіпті төлемдердің жалпы сомасы бастапқыда аударылған қаражаттан асып кетсе де, төлем жалғаса береді.

    Зейнетақы аннуитеті бойынша келісімшарт жасау үшін белгіленген жасқа толып, зейнетақы жинағында жеткілікті қаражат болуы керек. Қажетті сома әр адамға жеке есептеледі. Бұл ретте азаматтың жасы мен болашақ төлемдердің мөлшері ескеріледі.

    2026 жылы зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, бірден төлем ала алады: ерлер – 55 жастан бастап, әйелдер – 53 жастан. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген азаматтар жеткілікті жинағы болған жағдайда 50 жастан бастап төлем ала алады.

    Бұдан бөлек, кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті де бар. Мұндай келісімшарт арқылы болашақ төлемдердің шарттарын алдын ала белгілеуге болады. Оны 45 жастан бастап, ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген жағдайда 40 жастан бастап рәсімдеуге болады. Бұл ретте төлемдер заңнамада және келісімшартта белгіленген жасқа жеткеннен кейін басталады.

    Зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері жыл сайын өсіп отырады. Заңнамада белгіленген индексация мөлшері кемінде 8%-ды құрайды. Ал төлемдердің нақты мөлшері мен шарттары келісімшартта көрсетіледі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті" РММ" жаңалықтары