Ұстаз – ұлттың болашағын қалыптастыратын тұлға. Сондықтан педагогтің беделі мен әлеуметтік жағдайы тек білім саласының емес, бүкіл қоғамның назарында болуға тиіс.
2019 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының № 293-VI Заңы осы бағыттағы маңызды қадам болды. Заң педагог мәртебесін айқындап, оның құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін, шектеулерін, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейді. Заңның 4-бабында еліміздегі педагогтің ерекше мәртебесі танылатыны және бұл мәртебе оның кәсіптік қызметіне қажетті жағдайды қамтамасыз ететіні бекітілген.
Заңның 6-бабы мұғалімнің уақыты мен еңбегін қорғауға бағытталған. Онда заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, педагогті кәсіптік міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға тыйым салынған. Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтерін мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларына тартуға да жол берілмейді. Бұл талаптарды бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабында жауапкершілік көзделген.
Департамент тексерулер мен профилактикалық бақылау барысында осы талаптардың сақталуына ерекше назар аударады. Мұғалімді артық есептен, өзіне тән емес тапсырмалардан арылту – білім сапасын арттырудың маңызды шарты. Ұстаз уақытын сабаққа дайындалуға, оқушымен жеке жұмысқа және кәсіби өсуге жұмсағанда ғана сапалы нәтиже болады.
Дегенмен мәртебе тек құқықтар мен кепілдіктерден тұрмайды. Заңның 15-бабы педагогтің міндеттері мен жауапкершілігін айқындайды. Педагогтік әдепті сақтау, біліктілікті үздіксіз арттыру, оқушының ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу – ұстаздың қоғамдағы беделін нығайтатын негізгі қағидаттар.
Педагог мәртебесін көтеру – мемлекеттің, білім беру ұйымдары басшыларының, ата-аналардың және бүкіл қоғамның ортақ ісі. Мұғалімін құрметтеген елдің болашағы жарқын болары сөзсіз.








