Ержан Ертаев Powerexpo Almaty 2026 форумында энергоқуаттарды іске қосу жоспарын таныстырды

    1 / 6

    21–22 қазанда Алматыда Powerexpo Almaty 2026 халықаралық энергетикалық форумы өтуде. Іс-шараның негізгі тақырыбы электр энергиясына сұраныстың өсуін ескере отырып, Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын дамыту, қолданыстағы қуаттарды жаңғырту, жаңа энергия көздерін салу және электр желілерін озық дамыту мәселелері болды.

    Форумға энергетика вице-министрі Ержан Ертаев қатысып, электр энергетикасы саласын дамытудың негізгі бағыттары мен жаңа генерациялық қуаттарды іске қосу жоспарларын таныстырды.

    Қазіргі уақытта Қазақстанның энергетикалық жүйесінде 254 энергия көзі бар, оның ішінде 172-сі жаңартылатын энергия көздері нысандары. 2025 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, 123,1 млрд кВт·сағ құрады. 2026 жылы бұл көрсеткішті 126,5 млрд кВт·сағ-қа дейін арттыру болжанып отыр.

    Электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету үшін Энергетика министрлігі 2035 жылға дейінгі энергетика саласын дамыту жоспарын іске асыруда. Құжатта жалпы қуаты шамамен 26,3 ГВт болатын жаңа және жаңғыртылған қуаттарды іске қосу көзделген. Сонымен қатар электр энергиясын жинақтау жүйелерінің жұмыс істеуіне қажетті құқықтық және экономикалық тетіктерді қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл энергетикалық жүйенің икемділігін арттыруға және жаңартылатын энергия көздерін интеграциялау мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

    2027 жылдан бастап жаңа қуаттарды іске қосу экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, кейіннен профицит қалыптастыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. 2029 жылдың соңына дейін 13,3 ГВт жаңа қуатты іске қосу жоспарланған. Бұл халық пен экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз етіп, генерациялық қуаттардың резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

    «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасын іске асыруға да ерекше назар аударылуда. Жоба аясында жалпы қуаты 7,8 ГВт болатын жаңа қуаттарды іске қосу және қолданыстағы қуаттарды жаңарту көзделген. Оның ішінде жиынтық қуаты 5,3 ГВт болатын сегіз жаңа нысанды салу, сондай-ақ қуаты 2,5 ГВт болатын қолданыстағы он бір энергия көзін жаңғырту, кеңейту және техникалық қайта жарақтандыру жоспарланған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі" жаңалықтары