Ауданымызда жұмыспен қамту көрсеткіші жоспардан асып, 106 пайызға жетті. Жыл басынан бері 2379 адам жұмыспен қамту шараларына тартылып, жаңадан ашылған мекемелерде 414 тұрғын еңбекке араласты. Бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі қандай? Осы және өзге де сауалдарға аудандық «Мансап» орталығының директоры Айгүл Серікбаева жауап берді.
— Айгүл Төлепқызы, жыл басынан бері ауданның еңбек нарығында қандай өзгерістер байқалады? Негізгі көрсеткіштерге қандай баға берер едіңіз?
— Нәтиже жаман емес. Ағымдағы жылға өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша 2287 адамды жұмыспен қамту және белсенді шараларға жолдау жоспарланған болатын. Бүгінде 2379 адам қамтылып, жоспар 106 пайызға орындалды. Ұлттық жобалар аясында 136 жұмыс орны жоспарланып, нақты 142 адам жұмыспен қамтылды. Бұл көрсеткіш — 104 пайыз. Бұдан бөлек бос жұмыс орындарына 1500 адамды орналастыру межеленсе, қазіргі уақытта 1546 тұрғын жұмысқа орналасып, жоспар 103 пайызға орындалды.
— Жаңа жұмыс орындарын құру бағытында қандай нәтиже бар?
— Бұл бағытта да оң динамика байқалады. «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бағыты бойынша жыл басынан бері 232 адамды жұмыспен қамту жоспарланған еді. Қазіргі таңда аудан көлемінде жаңадан ашылған мекемелерде 414 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Жаңа жұмыс орны — тұтас бір отбасының тұрақты табысына жол ашатын мүмкіндік. Сондықтан біз үшін құрылған жұмыс орындарының саны ғана емес, тұрғындардың тұрақты еңбекке орналасуы маңызды.
— Мемлекеттік жұмыспен қамту шараларының қайсысына сұраныс жоғары?
— Белсенді шаралар бойынша 404 адамды қамту жоспарланып, бүгінде 415 адам жолданды. Жоспардың орындалуы — 103 пайыз. Мәселен, «Күміс жас» бағдарламасы бойынша 59 адамды қамту жоспарланып, толық орындалды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 55 адамның орнына 58 адам жолданып, көрсеткіш 105 пайызға жетті. Қоғамдық жұмыстарға 225 адамды тарту жоспарланса, 233 адам жолданды. Ал жастар тәжірибесі бойынша жоспарланған 65 адамның барлығы жұмыспен қамтылды.
Бұл бағдарламалардың әрқайсысының өзіндік маңызы бар. Бірі жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін жинауға мүмкіндік берсе, екіншісі аға буын өкілдерінің еңбек нарығында белсенділігін сақтауға жағдай жасайды.
— Бүгінде мамандық игеріп, қайта оқуға ниетті азаматтарға қандай мүмкіндік бар?
— Еңбек нарығы үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан азаматтарды сұранысқа ие кәсіптерге оқытуға көңіл бөлінеді. Биыл қысқа мерзімді кәсіптік оқыту аясында 20 адам аспазшы және тракторшы кәсібі бойынша үш айлық онлайн оқуға жолданды. Оның ішінде 18 азамат оқуын сәтті аяқтап, арнайы құжаттарын алды және кейін жұмысқа орналасты.
Бұл жерде басты нәтиже — адамның қолына сертификат беру ғана емес, алған білімін нақты еңбекпен ұштастыру.
Жұмыс іздеп жүрген тұрғындар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің тиімділігі қандай?
— Жыл басынан бері 7 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Оларға 45 жұмыс беруші қатысып, 57 бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкелерге 100-ден астам жұмыссыз азамат келді.
Жәрмеңкенің артықшылығы — жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің тікелей жүздесуі. Азамат бос жұмыс орны туралы ақпарат алып қана қоймай, сол жерде жұмыс берушімен сөйлесіп, өзіне қажетті талаптарды нақтылай алады.
— Жұмыс іздеп жүрген тұрғындарға қандай кеңес бересіз?
— Ең бастысы — мүмкіндікті пайдалану. Бүгінде мемлекет тарапынан азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі тетіктер қарастырылған. Жастар тәжірибесі, «Күміс жас», әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындары, кәсіптік оқыту — соның бір бөлігі.
Тұрақты еңбек — отбасы әл-ауқатының негізі. Сондықтан жұмыс іздеп жүрген әр тұрғынды «Мансап» орталығының мүмкіндіктерін пайдалануға шақырамыз. Біз үшін әрбір адамның жұмысқа орналасуы — жай ғана көрсеткіш емес, нақты нәтиже.
Сұхбаттасқан Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА
"Хромтау" аудандық қоғамдық саяси газеті








