Қарағандыда Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының "Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты 5451 әскери бөлімінің құрылғанына 60 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерейтой әскери қызметшілер мен ардагерлерді, сондай-ақ құрметті қонақтарды біріктіріп, бөлім тарихын еске алуға және жеке құрамның еңбегін атап өтуге себеп болды.
"Орталық" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Нұрлан Мұхамедов іс-шарада құттықтау сөз сөйледі. Ол бүгінде өзі басшылық етіп отырған осы әскери бөлімге алғаш қызметке келгені туралы естеліктерімен бөлісті. Қолбасшы өз сөзінде әскери дәстүрлер мен ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың маңыздылығына тоқталып, жеке құрамға қойылған міндеттерді орындауда табыс тіледі.
Өңірлік қолбасшылықтың Ардагерлер кеңесінің төрағасы, "Құрмет" орденінің иегері, отставкадағы генерал-майор Ерсайын Рүстемханов салтанатты шараның құрметті қонағы болды. Ол әскери қызметшілерді мерейтойымен құттықтап, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі сарбаздардың күнделікті қызметінің маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара аясында әскери қызметшілер мен құқықтық тәртіп әскерінің ардагерлеріне грамоталар, төсбелгілер және естелік сыйлықтар табыс етілді. Бұл марапаттар олардың еңбегі мен әскери бөлімнің дамуына қосқан көп жылдық үлесін білдіреді.
Айта кету керек, алпыс жылда бөлім түрлі кезеңнен өтті және қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауда мол тәжірибе жинады. Бөлімнің әскери қызметшілері 80-ші Олимпиада кезінде Мәскеуде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, 1980-1990 жылдардың басында Таулы Қарабақтағы ұлтаралық қақтығысты шешуге, сондай-ақ 1988 жылы Армениядағы Спитак жер сілкінісінің салдарын жоюға қатысқан.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бөлімнің әскери қызметшілері халықаралық және республикалық ауқымдағы ірі іс-шараларда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тұрақты жұмылдырылды. Нақтырақ айтсақ, ЕҚЫҰ Саммиті, Азия ойындары, Дүниежүзілік универсиада, Астанадағы EXPO халықаралық көрмесі және Көшпенділер ойындарын атап өтуге болады.
Мерейтойдың мерекелік бағдарламасын ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Ән-би ансамблі мен солистердің өнер көрсетуі жандандыра түсті. Шығармашылық ұжым Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтің мерейтойға тартуы ретінде өнер көрсетті. Сондай-ақ, 5573 әскери бөлімінің Құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері карабиндерді меңгеру шеберлігін және саптық дефиле элементтерін көрсетті.
5451 әскери бөлімінің мерейтойы — ұрпақтар сабақтастығының, ардагерлерге құрмет көрсетудің және жауынгерлік дәстүрді жалғастырып жүрген бүгінгі ізбасарлардың еңбегіне деген құрметтің дәлелі болды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі








