Ағымдағы жылдың 21 қазанында Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің №41 жалпы білім беретін мектебінде бастауыш сынып оқушыларына арналған заманауи шахмат кабинетінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараның басында мектеп оқушыларының шағын концерті ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты — өскелең ұрпақтың зияткерлік қабілетін дамыту және мектеп қабырғасында шахмат спортын танымал ету.
Салтанатты шарада Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Orken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми әдістемелік орталығының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту,бастауыш білім беру бөлімінің жетекшісі С. Касенова құттықтау сөз сөйледі. Ол оқушылар мен ұстаздар қауымына жылы лебізін білдіріп, жас шахматшылардың білім мен спортта биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.
Мектеп қонақтарының қатарында Қазақстан шахмат федерациясының ШҚО бойынша атқарушы директоры А. Кудинов та болып, бұл бастаманың балалардың логикалық ойлауын дамытудағы маңыздылығын атап өтті және мектеп ұжымына сәттілік тіледі.








