2026 жылғы 18–24 қазан аралығында Жапонияның Аичи–Нагоя қалаларында өтіп жатқан V жазғы Азия Пара ойындарында ақтөбелік спортшы Аяла Мереке қола медаль жеңіп алды.
Дзюдодан J2 санатында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз қола жүлде үшін өткен шешуші белдесуде Үндістан өкілі Гулшанды жеңіп, үшінші орынға ие болды.
Аяла Мереке — халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген тәжірибелі спортшы. Ол биыл Грузияның Тбилиси қаласында өткен әлем чемпионатында күміс медаль иеленді. Сондай-ақ Германияның Хайдельберг қаласында ұйымдастырылған IBSA Judo Grand Prix халықаралық турнирінің қола жүлдегері.
Айта кетейік, Аяла Мереке V жазғы Азия Пара ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын алып шығу құрметіне ие болған спортшылардың бірі.
Спортшының жаттықтырушысы — Серікбол Нұралин.
Аяла Мерекені және оның жаттықтырушысын халықаралық аренадағы кезекті жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз.









