Қостанай облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасы дрондар мен квадрокоптерлерді пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау қажеттілігін еске салады.
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі № 339-IV Заңының 33-бабына және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 31 желтоқсандағы № 706 бұйрығымен бекітілген Қағидалардың 1-тарауының 3-тармағына сәйкес, ұшқышсыз авиациялық жүйелерді (ҰАЖ) пайдалануға белгіленген тәртіппен тіркеуден немесе есепке қоюдан өткеннен кейін ғана жол беріледі.
Тіркеу тәртібі келесі құжаттармен айқындалады:
* Азаматтық әуе кемелері үшін — ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 409 бұйрығымен;
* Мемлекеттік авиацияның әуе кемелері үшін — ҚР Қорғаныс министрінің 2011 жылғы 18 мамырдағы № 220 бұйрығымен.
Үкіметтің 2011 жылғы 12 мамырдағы № 506 қаулысымен бекітілген ҚР Әуе кеңістігін пайдалану қағидаларының 17-2-тармағына сәйкес, пайдаланушы әуе қозғалысын басқарудың тиісті орталығымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеуге және келісуге міндетті. Нұсқаулықтың нысаны ҰАЖ пайдалану қағидаларына 12-қосымшада көзделген.
Азаматтық және эксперименталдық ҰАЖ үшін Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді пайдалану қағидалары қолданылады, ал мемлекеттік ҰАЖ үшін — ҚР Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 14 желтоқсандағы № 744 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік авиацияның ұшу өндірісі қағидалары қолданылады.
Әуе кеңістігін пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 563-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген:
* Алғашқы бұзушылық үшін — жеке тұлғаларға 10 АЕК, лауазымды тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл;
* Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін — құқық бұзушылық нысанасы тәркілене отырып, тиісінше 15 және 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Тиісті рұқсатсыз ҰАЖ ұшу фактілері анықталған жағдайда тез арада құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.
Заңнама талаптарын сақтаңыз және ұшқышсыз авиациялық жүйелерді тек белгіленген тәртіппен пайдаланыңыз.
Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.






