Шахтадағы өнеркәсіптік қауіпсіздік: Қарағанды облысында 100-ден астам олқылық анықталды

    1 / 5

    Қарағанды облысы ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы «Karaganda Komir» ЖШС В.И. Ленин атындағы шахтада жоспарлы тексеру жұмыстарын жүргізді. Көмір саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – өндірістік апаттардың алдын алып, жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты шарты. Тексеру нәтижесінде 66 нысан зерттеліп, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының 105 бұзушылығы тіркелді. Жауапты тұлғаларға бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жою туралы міндетті нұсқама берілді. Сонымен қатар, адам өміріне қатер төндіретін олқылықтар толық жойылғанға дейін кейбір жұмыс түрлеріне уақытша тыйым салу туралы тиісті актілер рәсімделіп, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды.

    Мемлекеттік бақылау мен қадағалау тек кемшіліктерді анықтаумен шектелмей, өндіріс орындарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған шараларды жүйелі түрде іске асыруға ықпал етеді. Атап айтқанда, шахтада өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында магистральдық таспалы конвейерлерге автоматты өрт сөндіру жүйесі орнатылып, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, маңызды мониторинг, позициялау және жерасты байланыс жүйелерін резервтік электр көзімен – дизельді генератормен қамтамасыз ету қарастырылған. Бұл шаралар кәсіпорын толық қуатсызданған жағдайда да аталған жүйелердің жұмыс қабілетін сақтап, төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл дайындығын арттырады.

    Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және анықталған олқылықтарды уақтылы жою кәсіпорынның техникалық әлеуетін нығайтып, қолайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті" жаңалықтары