Қауіпсіздік сабағы: жастармен кездесу, өмірге ортақ жауапкершілік

    1 / 10

    Шымкентте жастарға қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, құтқарушылар қызметінің маңызы насихатталды.

    19 қазан – Құтқарушылар күнінде Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де жастармен кездесу өтті. Кездесуде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелерін талқылады.

    Кездесуге Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Асқар Рысбекұлы Шәріп, бас құтқарушы Үсен Аятханұлы Рахматуллаев және өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Даулет Нұрбекұлы Орынбек қатысты.

    Кездесу барысында азаматтық қорғау органдарының өкілдері жастарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін орындау, тұрмыстағы қауіп-қатерлердің алдын алу және төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету жолдары туралы түсіндірді. Сондай-ақ қауіптің алдын алуда сақтық шараларын ұстанудың және әр адамның жеке жауапкершілігінің маңыздылығы атап өтілді.

    Мамандар құтқарушылардың күнделікті қызметі, кәсіби міндеттері мен адам өмірін қорғау жолындағы жауапкершілігі туралы әңгімеледі. Қиын сәтте жедел шешім қабылдау, батылдық пен кәсібилік таныту – құтқарушы мамандығының басты ерекшеліктері. Олардың еңбегі тек төтенше жағдай кезінде көмек көрсетумен шектелмей, қауіп-қатердің алдын алуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де бағытталған.

    Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру, төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыру және құтқарушылардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін кеңінен насихаттау.

    Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік. Қарапайым ережелерді сақтау, қауіп-қатерге бейжай қарамау және сақтық шараларын орындау адам өмірін қорғауға мүмкіндік береді. Ал құтқарушылардың басты міндеті – төтенше жағдайлардың алдын алу, қиын сәтте көмек көрсету және ең қымбат құндылық – адам өмірін сақтау.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары