Бәйдібек ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков Ақбастау ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан «Корпорация ERNUR» ЖШС-нің жұмыртқа өндіруге бағытталған құс фабрикасының құрылысымен танысты.
Аталған жоба ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған. Фабрика толық қуатында жұмыс істеген кезде жылына 200 млн дана жұмыртқа өндіруге қауқарлы болады. Өндірілген өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға өткізу көзделген. Кәсіпорын іске қосылғанда 75 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Аудан әкімі нысанды аралау барысында жобаның жүзеге асу барысымен танысып, өндірістік әлеуетті дамытудың, инвестициялық бастамаларды қолдаудың және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтудың маңыздылығын атап өтті.
Мұндай ірі инвестициялық жобалар аудан экономикасын әртараптандыруға, отандық азық-түлік өндірісін дамытуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсіміне серпін беруге ықпал етеді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі








