Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Олар заңнама нормаларының конституциялық-құқықтық мағынасын айқындап, оларды дұрыс қолданудың бағдарларын белгілейді.
Оларды орындау адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарының нақты іске асырылуын қамтамасыз етуге, құқықтық олқылықтарды жоюға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Прокуратура органдары Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын түсіндіру, олардың іске асырылуын бақылау және азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.
2026 жылдың 9 айында қабылданған шаралардың нәтижесінде 917 азаматтың құқықтары қалпына келтіріліп, прокурорлық қадағалау және ден қоюдың 130 актісі енгізілді, азаматтарға 1 883 045 теңге өтелді, жұмыста үш сағаттан астам уақыт болмағаны үшін бұрын жұмыстан шығарылған 18 адам қызметіне қайта орналастырылды.
Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын іс жүзінде іске асыру заңнаманың нақты бұзушылықтарын жоюға және азаматтардың конституциялық құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған.
Мәселен, зейнетақымен қамсыздандыру құқығы мәселелері жөніндегі Конституциялық Соттың 2026 жылғы 18 мамырдағы № 79-НҚ нормативтік қаулысында Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрудың өзі заңда белгіленген талаптар сақталған жағдайда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындаудан бас тартуға немесе оларды тоқтатуға негіз бола алмайтыны түсіндірілді.
Осы нормативтік қаулыны орындау шеңберінде Жетісу облысының прокуратурасы Қазақстан азаматының шетелге тұрақты тұруға көшуіне ғана байланысты зейнетақы төлемдерінің тоқтатылғанын анықтады. Қабылданған прокурорлық ден қою шаралары нәтижесінде оның құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді.
Бұдан басқа, 2026 жылғы 18 маусымда Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы аталған нормативтік қаулыға негіз болған өтініш иесінің талап қоюын қанағаттандырды.
Сот актісі зейнетақы төлемдерін жүзеге асыратын орталықтың тиісті бөлімшесіне орындау үшін жолданды. Ал прокуратура «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымын түсіндіретін хат жолдап, мәселені толық орындалғанға дейін бақылауға алды.
Баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы сот шешімдерін мәжбүрлеп орындату кезінде жеке сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеу мәселесіне қатысты Конституциялық Соттың 2026 жылғы 11 маусымдағы № 86-НҚ нормативтік қаулысында сот шешімі өз пайдасына шығарылған ата-анаға негізсіз қосымша шығындар жүктеуге жол бермеу, оның құқықтары мен баланың мүдделерін нақты қорғауды қамтамасыз ету қажеттігі көрсетілген.
Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымын іске асыру шеңберінде Шымкент қаласының прокуратурасы сот шешімдері өз пайдасына шығарылған ата-аналардан осындай шығындардың өндірілген фактілерін анықтады. Қабылданған шаралар нәтижесінде үш азаматқа 249 750 теңге өтелді.
Осындай заң бұзушылықтар Астана қаласында және Солтүстік Қазақстан облысында да анықталды. Прокурордың наразылығы бойынша заңсыз қаулының күші жойылып, жеке сот орындаушысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Бұзылған құқықтарды қалпына келтіру жөніндегі практикалық шаралармен қатар прокуратура органдары түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Есепті кезеңде өңірлерде 32 семинар, 131 кездесу және 48 дөңгелек үстел ұйымдастырылып, 183 дәріс оқылды, 46 ақпараттық хат жолданды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде 522 түсіндіру іс-шарасы өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында 116 материал жарияланды.
Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын жүйелі түрде түсіндіру және іске асыру заңдылықты нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғауға ықпал етеді. Бұл - Конституцияның үстемдігін орнықтыруға және құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған ортақ міндет.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі






