Тбилисиде Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Талғат Адуов Назарбаев Университетінің Есептеу техникасы және жасанды интеллект мектебінің қауымдастырылған профессоры Майкл Льюиспен және Студенттерді қабылдауды басқару департаментінің бас менеджері Айсұлу Тұқтұбаевамен кездесті.
Кездесу барысында білім беру саласындағы қазақстандық-грузин ынтымақтастығын дамыту, студенттік ұтқырлық бағдарламасы (Student Mobility Program) аясында алмасуларды ұйымдастыру және алдағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.
Тараптар Назарбаев Университеті мен Грузияның жоғары оқу орындары арасында байланыстар орнатудың маңызын атап өтті. Академиялық ұтқырлықты кеңейтуге және білім мен тәжірибе алмасуға қолайлы жағдай жасау мәселелеріне назар аударылды.
Сондай-ақ университеттің білім беру мүмкіндіктерін Грузияда таныстыру және жастардың Қазақстанда жоғары білім алуға қызығушылығын арттыру жөнінде пікір алмасу өтті.
Кездесу қорытындысында қатысушылар талқыланған бастамаларды одан әрі пысықтау және білім беру саласындағы әріптестікті нығайту мақсатында жұмыс байланыстарын жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.









