Республика күніне орай «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласындағы «Қызылабад» тұрғын алабында ағаш отырғызу рәсімі өтті.
Туған жердің табиғатын түлетіп, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған игі шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, ардагерлер, жастар және шаһар тұрғындары қатысты.
Бүгінде Жібек жолы ауданында өңірдің экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, тарихи дәстүрді жаңғыртуға бағытталған «Жібек жібін өндіру» жобасы қолға алынған. Аталған бастаманы қолдаған қала әкімі Бақытжан Орынбеков «Қызылабад» тұрғын алабына 10 мың түп тұт ағашын отырғызу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы мақсатта бүгін белгіленген аумаққа 2 мың түп тұт ағашы егілді.
Шара барысында шаһар басшысы осы жобаның маңыздылығын айрықша атап айтты.
Бұл тұрғыда дәл тұт ағашының таңдалуы тегін емес. Себебі ол – жібек өндірісінің негізгі шикізаты саналатын жібек құртының қорегі. Осылайша, ағаш отырғызу жұмыстары экологиялық ахуалды жақсартумен қатар, алдағы уақытта жергілікті өндірісті дамытуға да негіз болмақ.
Жалпы, Тараз қаласында жасыл желек көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2022-2025 жылдары шаһар аумағында 65 мың түп ағаш отырғызылды. Ал ағымдағы жылы «Қызылабад» алабына 10 мың түп түрлі ағаш көшеті егілді. Күзгі маусымда тағы 10 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған.









