Салық төлеушілердің бюджетке қателесіп немесе артық төленген салықтар мен төлемдер сомаларын қайтарып алуға құқығы бар.
1. Артық төленген сома дегеніміз не?
Бұл – белгіленген салық міндеттемесінен артық бюджетке төленген ақша сомасы.
Мысалы, 30 000 теңге салық төлеу қажет болғанымен, 50 000 теңге төленген. Артық төлем сомасы 20 000 теңгені құрайды.
2. Қателесіп төленген сома дегеніміз не?
Бұл – төлем жасау кезінде жіберілген қателіктер салдарынан аударылған ақша қаражаты.
Мысалы:
Бюджеттік сыныптама коды (БСК) қате көрсетілген;
Мемлекеттік кірістер органы қате таңдалған;
Төлем қайталап жүргізілген;
Төлем деректемелерінде қате жіберілген.
3. Ақша қаражатын қалай қайтаруға болады?
Ақша қаражатын қайтару үшін салық төлеуші Салық төлеушінің кабинеті (ИСНА) арқылы есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізуге арналған салықтық өтінішті ұсынуы қажет.
4. Қайтару мерзімі
Стандартты рәсім бойынша қайтару мерзімі 5 жұмыс күнін құрайды. Жекелеген жағдайларда ерекшеліктер көзделуі мүмкін.
5. Нені білу маңызды?
Салық берешегі болған жағдайда артық төленген сома заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті міндеттемелерді өтеуге бағытталуы мүмкін.
Нормативтік негіз:
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының Салық кодексі.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 28 қазандағы № 637 бұйрығы.









