Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде интеллектуалды есептеулер зертханасы ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Солтүстік-Батыс политехникалық университеті (СБПУ, ҚХР) филиалының жаңа оқу жылының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға екі оқу орнының басшылары, ҚХР-дың Алматы қаласындағы Бас консулдығының өкілдері, ғылыми қауымдастық мүшелері, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың жетекші кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева екі университет арасындағы серіктестіктің халықаралық білім беру және ғылыми ынтымақтастықты дамытудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, СБПУ-мен серіктестік білікті мамандар даярлауға, академиялық тәжірибе алмасуға және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға кең жол ашады.
Іс-шараның басты жаңалығы – СБПУ мен Si-Tech компаниясының бірлескен интеллектуалды есептеулер зертханасының ашылуы. Жаңа зертхана жасанды интеллект, үлкен деректерді өңдеу және жоғары өнімді есептеулер бағыттарында бірлескен зерттеулер жүргізуге арналған. Зертхана жұмысы инженерлік-техникалық мамандар даярлауға, сондай-ақ өңірдің цифрлық трансформациясына бағытталған ғылыми-технологиялық шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.
Жиын барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы білім, ғылым және технология салаларындағы байланыстарды нығайтуда филиалдың алатын орны ерекше атап өтілді. Қытай ғылым академиясының академигі Чжан Вэйхун мен СБПУ-дың Қазақстандағы филиалының директоры Ли Цзывэй ғылым мен өндірістің заманауи талаптарына сай бірлескен жобаларды дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Бакалавриат пен магистратураның бірінші курс студенттері Елисей Гончаренко мен Дарья Сағындықова білім алуға жасалған мүмкіндіктер үшін алғыс айтып, филиалдың академиялық және ғылыми өміріне белсенді қатысуға дайын екендіктерін жеткізді.
Мерекелік рәсім аясында оқу үлгерімі жоғары, филиалдың дамуына елеулі үлес қосқан студенттер мен оқытушылар сертификаттармен марапатталды.









