Астанада креативті кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған Creative Shift акселерациялық бағдарламасы басталды. Бағдарлама қатысушыларға бизнес-модель әзірлеуге, жобаның нарықтағы мүмкіндіктерін бағалауға және оны коммерциялық тұрғыдан іске асыруға дайындауға көмектеседі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
19-25 қазан аралығында креативті сала өкілдері қазақстандық және халықаралық сарапшылардың жетекшілігімен тәжірибелік оқудан өтеді. Бағдарлама маркетинг, брендинг, жасанды интеллектіні қолдану және инвестиция тарту бағыттарын қамтиды.
Спикерлер қатарында халықаралық тәжірибесі бар мамандар бар. Олар – 20-дан астам анимациялық фильмнің режиссері әрі сценарисі Адай Әбелдинов, ER10 Media компаниясының тең құрылтайшысы Эльнора Розмұхамедова, халықаралық бизнесті дамыту және венчурлық инвестициялар жөніндегі сарапшы Jaeyeong Park, брендинг және генеративті жасанды интеллект саласында 25 жылдық тәжірибесі бар креативті директор Edmond Yang, кәсіпкер әрі BAIPKET академиясының негізін қалаушы Ақсұлтан Қали.
Алматы мен Шымкентте бұған дейін өткен қарқынды оқыту курстарын (буткемптерді) қоса есептегенде, бағдарлама Қазақстанның үш қаласындағы 500-ден астам қатысушыны қамтиды.
Өңірлік іріктеуден өткен жоба авторлары жеті күндік тәлімгерлік бағдарлама аясында жұмысын жалғастырады. Қорытынды Pitch Day іс-шарасында олар өз жобаларын инвесторлар мен бизнес өкілдеріне таныстырады.
Бағдарламаның мақсаты – креативті сала өкілдеріне жобаларын нарыққа шығаруға дайындауға, тұрақты бизнес-модель қалыптастыруға және іскерлік серіктестер табуға көмектесу.








