Ақмола облысында Құтқарушылар күні аталып өтті

    1 / 18

    Кәсіби мереке – Құтқарушылар күні қарсаңында Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінде салтанатты іс-шара өтті. Көкшетау қаласындағы «Болашақ» сарайында ұйымдастырылған мерекелік жиын азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, қызмет ардагерлері мен құрметті қонақтарды біріктірді.

    Іс-шараның басында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановтың азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған құттықтауы оқылды. Құттықтауда халықтың қауіпсіздігін күн сайын қамтамасыз етіп, ең күрделі жағдайларда кәсібилік, батылдық танытып, көмекке келуге дайын тұратын құтқарушылар қызметінің маңыздылығы атап өтілді.

    Жиында Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бақытжан Алашов құттықтау сөз сөйлеп, қызметтік міндеттерді орындау барысында қызметкерлердің көрсетіп жүрген жанқиярлығы мен ерлігін атап өтті. Сондай-ақ олардың өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесіне тоқталды.

    Баяндамада бөлімшелердің материалдық-техникалық базасы мен инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Соңғы жылдары облыста өртке қарсы-құтқару қызметін нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жаңа өрт сөндіру бөлімдері пайдалануға беріліп, шалғайдағы ауылдық округтердегі елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ерікті өрт сөндіру құралымдары құрылуда. Бұл шаралар төтенше жағдайларға жедел ден қоюға және өңір тұрғындарына көмекті дер кезінде жеткізуге мүмкіндік береді.

    Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі марапаттау рәсімі болды. Міндеттерін адал атқарғаны, кәсібилігі және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін қызметкерлерге кезекті арнаулы атақтар, төсбелгілер, медальдар, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің Құрмет грамоталары және алғыс хаттары табысталды.

    Екі қызметкер құтқару операцияларына белсенді қатысып, кәсібилік танытқаны үшін «Құтқарушы» және «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгілері мен медальдарымен марапатталды.

    Азаматтық қорғау саласының ардагерлеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Олардың көпжылдық еңбегі, мамандыққа деген адалдығы және құтқару қызметінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі жас қызметкерлер үшін өнеге болып қала береді.

    Салтанатты іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. «Болашақ» сарайының сахнасында Көкшетау қаласының үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, қатысушылар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

    Құтқарушылар күні – өзгелерге көмек көрсетуді өмірлік міндетіне айналдырған жандардың мерекесі. Олардың батылдығы, жауапкершілігі және төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге дайындығы – тұрғындар қауіпсіздігінің кепілі. Қиын сәтте көмекке келуге әрдайым дайын тұратын құтқарушылар халықтың сенімі мен алғысына лайық.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Целиноград ауданының әкімдігі" жаңалықтары