Құтқарушылар күні қарсаңында адам өмірін құтқару жолында ерлікпен қаза тапқан батыл құтқарушы Жомарт Сарсенбековті еске алуға арналған футбол турнирі ұйымдастырылды.
Спорттық шараның басты мақсаты – ержүрек құтқарушының есімін ұлықтау, оның ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, сондай-ақ құтқарушылар арасындағы бірлік пен командалық рухты нығайту.
Турнирге Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің және оның құрылымдық бөлімшелерінің командалары, сондай-ақ Түркістан облысы ТЖД-ның бір командасы қатысып, жалпы саны 14 команда өзара бақ сынады.
Тартысты ойын қорытындысы бойынша бірінші орынды Шымкент қаласы ТЖД жедел-құтқару жасағы иеленді. Екінші орын Түркістан облысы ТЖД жедел-құтқару жасағына бұйырса, үшінші орын Шымкент қаласы ТЖД құрама командасына берілді.
Жеңімпаздар мен жүлдегер командаларға кубоктар, медальдар және сертификаттар табысталды. Сонымен қатар жарыста ерекше көзге түскен төрт ойыншы «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қақпашы» және «Үздік қорғаушы» номинациялары бойынша кубоктармен және сертификаттармен марапатталды.
Шара барысында адам өмірін құтқару жолында ерлікпен қаза тапқан батыл құтқарушы Жомарт Сарсенбековтің отбасы арнайы шақырылып, оларға құрмет көрсетілді. Отбасына сый-сияпат табысталып, қолдау білдірілді.
Жомарт Сарсенбековті еске алуға арналған турнир – ерлікке тағзым мен адам өмірін қорғау жолында жанқиярлық танытқан азаматтың рухына деген құрметтің көрінісі. Оның батылдығы мен ерлігі әріптестерінің жадында сақталып, кейінгі буынға үлгі болып қала береді.








