Павлодар облысы ТЖД «ҚазТрансОйл» АҚ-мен бірлесіп, кәсіпорын аумағында өрт-тактикалық оқу-жаттығуларын өткізді. Іс-шара барысында ТЖД-ның «Қалқан-7» роботтандырылған платформасының мүмкіндіктері таныстырылды.
Оқу-жаттығу барысында өрт сөндірушілер өртті сөндіру тактикасын пысықтап, төтенше жағдайларды жою дағдыларын жетілдірді.
Қатысушыларға техногендік апаттар кезіндегі және адам өміріне қауіп төндіретін басқа да жағдайларда қашықтан өрт сөндіруге арналған «Қалқан-7» платформасының мүмкіндіктері көрсетілді.
Платформа өрт сөндіру жеңін су-көбік қоспасымен бірге қауіпті аймақтарға жылжытуға мүмкіндік береді. Бұл жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тәуекелдерді азайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ оның конструкциясы қойылған міндеттерге сәйкес қосымша жабдық орнатуға мүмкіндік береді.
Мұндай оқу-жаттығулар өрт сөндірушілердің кәсіби даярлығын арттыруға, өрт сөндіру тактикасын жетілдіруге және өнеркәсіптік нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін заманауи технологияларды енгізуге бағытталған.








