Павлодар облысындағы Құтқарушылар аллеясында салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі өтті. Төтенше жағдайлар департаментінің 20 жаңа қызметкері қызметке адал болуға ант берді.
Жас мамандардың басым бөлігі өрт сөндіру бөлімшелеріне жұмысқа қабылданды. Алда оларды адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау, төтенше жағдайларды жою және қиындыққа тап болғандарға көмек көрсету сияқты жауапты міндеттер күтіп тұр.
Жас қызметкерлерге Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рустамбек Амрин ақжолтай тілегін арнады. Ол жас мамандарды құтқарушылар қатарына қосылуымен құттықтап, қызметтік борышына адал болуға, батылдық танытып, кез келген жағдайда көмекке келуге дайын тұруға тілек білдірді.
Сондай-ақ департамент ардагері Алдаберген Карабалин жас әріптестерімен өз тәжірибесімен бөлісті. Ол ұрпақтар сабақтастығының, таңдаған мамандыққа адалдықтың және азаматтық қорғау қызметінің әрбір қызметкеріне жүктелетін жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті.
Ант қабылдау рәсімі жас мамандардың кәсіби жолындағы маңызды кезеңге айналды. Осы күннен бастап олар қызметтік міндеттерін адал атқаруға, азаматтарды қорғауға және ең күрделі жағдайларда да қойылған міндеттерді орындауға дайын болуға міндеттеме алды.









