Сәйкестік туралы декларация: қолжетімділік міндетті түрде қамтамасыз етілуі тиіс

    Сәлеметсіздер ме, құрметті Шымкент қаласының тұрғындары!

    Бүгін құрылыс салушылардың назарын мүмкіндігі шектеулі адамдар мен жүріп-тұруы қиын азаматтар үшін нысандардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселесіне аударғым келеді.

    Сәйкестік туралы декларацияны келісу — жай ғана құжат рәсімдеу емес. Біздің міндетіміз — нысанның қолжетімділік талаптарына сәйкестігіне көз жеткізу және адамдардың оны кедергісіз әрі қауіпсіз пайдалана алатынын бағалау.

    Біздің ұстанымымыз нақты: егер нысанда қолжетімділік талаптары қамтамасыз етілмесе, біз сәйкестік туралы декларацияны ешбір жағдайда келіспейміз. Заң талаптарын бұзуға да, анықталған кемшіліктерге көз жұма қарауға да жол бермейміз.

    Сондықтан құрылыс салушыларды заң талаптарын айналып өтудің жолдарын іздемеуге, мәселені тек қағаз жүзінде шешуге тырыспауға шақырамын. Егер кемшіліктер анықталса, оларды толық жою қажет. Содан кейін ғана декларацияны келісу мәселесін қарастыруға болады.

    Нысанның қолжетімділігі жобалау кезеңінен бастап ескерілуі және құрылыс барысында толық қамтамасыз етілуі тиіс. Бұған пандустар, кіреберістер, лифтілер, санитарлық тораптар, тактильді көрсеткіштер және адамдардың нысанды өз бетінше әрі қауіпсіз пайдалануына мүмкіндік беретін басқа да жағдайлар жатады.

    Енді нақты деректерге тоқталайын. Бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласы бойынша департаментке сәйкестік туралы декларацияны келісуге 109 өтінім келіп түсті. Оның 38-і келісілді, 29-ына бас тартылды, 28-ін өтінім берушілер кері қайтарып алды, ал 14 өтінім бойынша жұмыс әлі жалғасып жатыр.

    Біздің ұстанымымыз өзгермейді: қолжетімділік мәселесінде ымыраға жол жоқ, заң талаптарынан ауытқуға болмайды.

    Өйткені қолжетімді орта — жай ғана талап емес. Бұл — әр адамның құқығын құрметтеу және барлығына тең мүмкіндік жасау.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті" жаңалықтары