Жетісу облысындағы «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде өткен «Алтынемел – құландар мекені» туристік және мәдени-экологиялық фестиваліне мыңнан астам адам жиналды. Қатысушылар қатарында Ұлыбритания, Үндістан, Франция, Ресейден, соның ішінде Якутиядан қонақтар, сондай-ақ Астана, Алматы, Талдықорған қалалары мен Алматы облысының тұрғындары бар. Биыл фестиваль алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Фестиваль аясында спорттық жүгіру жарыстары, этномәдени қойылымдар, ежелгі петроглифтерге экскурсиялар өткізіліп, құландарды табиғи мекенінде тамашалау мүмкіндігі жасалды. Бүгінде табиғи парктегі құландар саны 3500 бастан асқан, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фестивальге облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, travel-блогерлер, инфлюнсерлер, жалпы экологиялық туризмге қызығушылар қатысты. Ұйымдастырушылар - «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, облыстық туризм басқармасы, «Vizit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің мақсаты – өңірдің туристік әлеуетін насихаттау.
- Бұл фестиваль – Туризм және спорт министрлігінің ірі мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген үш шараның бірі. Оның ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Негізгі мақсаты – келушілерді ұлттық парктің бірегей табиғи және тарихи-мәдени мұрасымен таныстыру, сирек кездесетін жануарларды қорғауға назар аудару және табиғатты аялаудың маңызын насихаттау. Жалпы, облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың басшылығымен өңірде туризмді дамытуға қажетті шаралар қабылданып, туристік инфрақұрылымды жетілдіруге ерекше көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде Жетісу облысына жыл сайын 2 милиондай турист келеді, – деді Марлен Көлбаев.
Биыл фестиваль Шолақ тауларының бөктерінде 5 және 10 шақырымдық эко-жарыспен басталды. Жарысқа қатысушылар белсенді демалыс пен экологиялық мәдениетті ұштастыра отырып, тау ландшафтары аясында жүгірді. Жарыс жеңімпаздары арнайы медальдармен марапатталды.
Осы күні ұлттық парктегі визит орталық алаңында далалық рухтағы мәдени шаралар көрермен назарына ұсынылды. Атап айтқанда, кеушілер фестиваль сахнасынан «Қылыш айналдыру», «Айбалта шоуын» тамашалап, көшпелілердің жауынгерлік дәстүрі көпшілікке паш етілді. Сол сияқты өнерпаздар ұлттық аспаптарда өнер көрсетті.
Фестиваль қонақтары Шолақ тауларындағы ежелгі петроглифтерге экскурсияға барып, мыңдаған жыл бұрын жартастарға қашалған, Жетісудың көне тарихынан сыр шертетін суреттер мен таңбаларды көрді.
Сол сияқты визит-орталық алаңында петроглифтер мен көне түркі жазуына және дәстүрлі қолөнерге арналған шеберлік сабақтары, балаларға арналған ойындар мен квесттер өткізіліп, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Сөйтіп, фестиваль табиғатпен бірге тыныстай отырып, ұлттық мәдениетті тануға, туған өлкенің тарихын сезінуге мүмкіндік беретін мәдени-танымдық алаңға айналады.
Келген қонақтар іс-шара туралы ой-пікірлерін білдірді.
- «Алтынемел» ұлттық паркіне визит-орталық ашылғанда бірінші рет келгенмін. Бүгін екінші мәрте келіп отырмын. Осы фестивальдің өтетіні туралы Инстаграм әлеуметтік желісінен көріп, күйеуім екеуіміз Алматыдан арнайы келдік. Таңертең 5 шақырымдық кросқа қатыстық. Маршрут өте қызық болды. Өзім жартасқа өрмелеумен айналысамын, сондықтан спорттық шараға қатысу аса қиындық туғызған жоқ. Бүгінгі фестивальда этникалық атмосфера бар, ежелгі тарих туралы сан қилы фантазияға берілдік, көне көшпелі халықтардың тынысын сезіндік. Сондықтан бұл сапар маған ерекше әсер етті, - дейді алматылық Дарья Никишина.
- Туристік компания өкілімін. Ұлттық паркке алғаш рет келіп отырмын. Өзіміз туристік салада жүргеннен кейін Қазақстанның табиғаты мен тарихын үйлестірген осындай көрнекті жерлерін насихаттауға атсалысайық деген ойымыз бар, оның үстіне фестивальді тамашаласақ, құландарды көрсек деп келдік. Өзім SMM маманымын, менімен бірге дронмен түсірілім жасаушы азамат бірге келді, біз бейнежазбалар түсіріп, осы парктің мүмкіндіктерін барынша кең таратсақ дейміз, - дейді Гүлдана Қаршигина.
Келушілердің ішінде шетелдік азаматтар да бар.
- Қазақстанға бұл екінші рет келуім. Мені бұл елдің көркем табиғаты, ұлттық мәдениеті қызықтырады. Тұрғындарының қонақжайлығы ерекше. Әлеуметтік желідегі жазбаларым арқылы өз оқырмандарыма Қазақстанның кереметтері туралы мол мәлімет беріп отырамын, - дейді ұлыбританиялық Джорж Купер.
Ұлттық парк мамандары бір кездері саны күрт азайып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген құландардың бүгінде «Алтынемелде» арнайы бағдарлама негізінде саны көбейтіліп, ол парктің табиғи символдарының біріне айналғанын айтады.
- Бүгінгі фестивальға келушілерге құландарды табиғи ортада тамашалауға мүмкіндік жасалып отыр. Бір атап өтерлігі, 1982 жылы небәрі 32 құлан болса, биыл олардың саны 3 571 басқа жетті. Бұл – табиғатты қорғау жұмыстарының нақты нәтижесі және сирек кездесетін жануарлар популяциясын қалпына келтірудің жарқын үлгісі, – дейді «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Қуат Байтұрбаев.
Жалпы, өңірде туризм саласын дамыту 5 дестинацияға негізделген, соның бірі – ұлттық парктер. Былтыр «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 32 мың адам келсе, соның 11 мыңы – шетелдіктер.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Бекен Нұрхан.








