Жамбыл облысында ирригация каналдарын тазалау көрсеткіші екі есе артты
Шаруаларға суды тұрақты жеткізу үшін «Қазсушар» РМК-ның Жамбыл облыстық филиалы ирригация каналдарын механикалық әдіспен тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2026 жылы 77,3 шақырым каналды тазалау жоспарланған болатын. Алайда бүгінге дейін орындалған жұмыстардың нақты көлемі 160,3 шақырымға жетті. Бұл бастапқы жоспардың 207,4 пайызына тең.
Мұндай нәтижеге, соның ішінде «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының материалдық-техникалық базасын нығайтудың арқасында қол жеткізілді. Еске салайық, былтыр филиалға 55 арнайы техника берілген болатын. Бұл жұмыстардың өнімділігін арттыруға, сондай-ақ су шаруашылығы инфрақұрылымын күтіп ұстау және қалпына келтіру мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашты.
Айта кетейік, жыл басынан бері «Қазсушар» РМК филиалдары жалпы ұзындығы 2043 шақырымнан астам каналды механикалық әдіспен тазалады. Жыл соңына дейін тағы шамамен 200 шақырым каналды тазалау жоспарланып отыр.
Осылайша, Қазақстанда каналдарды механикалық әдіспен тазалау қарқыны артып келеді. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы «Қазсушар» РМК филиалдары 1840 шақырым каналды тазалаған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 1147,6 шақырым, 2023 жылы 678 шақырым болды.
«Каналдарды жаңғырту, су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу және техникалық паркті жаңарту суды тиімді пайдалануға әрі суармалы егіншілікті тұрақты дамытуға негіз қалайды. Суару инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасады. Жоспарланған жобаларды іске асыру су шаруашылығы нысандарын кезең-кезеңімен тиісті жағдайға келтіруге, сумен жабдықтау сенімділігін арттыруға және су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаментінің директоры Сағи Үтелов.









