Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңсыз көші-қонға қарсы күрес шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып елде жүрген Қытайдың 13 азаматын анықтап, ұстады.
Тексеру барысында шетелдіктердің Қазақстан аумағында халықаралық интернет-алаяқтықтың жасырын схемасын ұйымдастырғаны анықталды.
Олардан көптеген компьютерлік техника, ұялы телефондар, «Starlink» спутниктік интернет байланысы жабдықтарының жиынтықтары, сондай-ақ криптоәмияндардағы ірі көлемдегі қаражат табылды.
Топтың әрекеттері Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылмайтын өзге елдердің азаматтарына қарсы бағытталған және шетелден үйлестіріліп отырған.
Осыған байланысты одан әрі тексеру Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрлігіндегі әріптестермен бірлесіп жүргізілді. Ұсталғандардың кейбірі өз елінде осыған ұқсас әрекеттері үшін іздеуде жүргені анықталды.
2026жылдың16 қазанда шетел азаматтары әкімшілік тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылып, одан әрі тергеп-тексеру жүргізу үшін ҚХР-ның уәкілетті органдарына тапсырылды.
ҰҚК баспасөз қызметі









