VIII халықаралық NEW SILK WAY бизнес-форумы аясында Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше елдердің көлік саласын цифрландыру және қаржыландыру мәселелері бойынша жеке сектормен диалог өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және көлік-логистика бизнесінің өкілдері қатысты. Жоғары деңгейдегі диалог барысында Қазақстанның атынан Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов қатысты.
«Біз жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді жүйелі түрде енгізіп, электрондық құжат айналымын дамытып, деректермен тиімді алмасуды қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық жүйелерді интеграциялап келеміз. Цифрлық трансформация ұлттық шекаралармен шектелмеуі маңызды. Жүйелердің өзара үйлесімділігі мен халықаралық әріптестермен келісілген тәсілдер тасымалдау уақытын қысқартуға, бизнес шығындарын азайтуға және көлік дәліздерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.
Диалог қатысушыларына көлік саласының тиімділігін арттыруға бағытталған отандық цифрлық шешімдер таныстырылды. Атап айтқанда, Ұлттық бейнебақылау жүйесі, автомобиль жолдарының бірыңғай жүйесі – e-Joldar, азаматтық авиациядағы маршруттық желілерді аналитикалық болжауға арналған Echelon Alpha технологиясы, сондай-ақ автомобиль көлігіндегі БКҚБЖ және авиация саласындағы e-Freight электрондық құжат айналымына көшуге арналған шешімдер ұсынылды.
Кездесу барысында көлік-логистика секторын одан әрі цифрландыру перспективалары және тасымалдау процесіне қатысушылар арасында деректер алмасудың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар көлік саласын қаржыландыруға және инфрақұрылымдық әрі цифрлық жобаларды іске асыру үшін жеке инвестицияларды тартуға ерекше назар аударылды.









