Қазақстан Республикасының Құтқарушылар күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жас құтқарушылары Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, «Халық Қаһарманы» Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткіші алдында салтанатты түрде ант қабылдады.
Азаматтық қорғау органдарының қатарына жаңадан қосылған жас қызметкерлер ант мәтінін зор мақтанышпен оқып, өздеріне жүктелген жауапкершілікті, Отанға адал қызмет ету міндетін терең сезінді. Олар әскери қызметтің барлық қиындықтары мен ауыртпалықтарына төзуге, алдына қойылған міндеттерді адал орындауға және қызметтік-әскери тәртіпті қатаң сақтауға ант берді.
Жас қызметкерлерді өмірлеріндегі маңызды оқиғамен ШҚО ТЖД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Иван Худяков құттықтап, оларға құтқарушы деген жоғары атақты абыроймен алып жүруді және аға буын қалыптастырған ерлік пен батылдық дәстүрлерін әрдайым есте сақтауды тіледі.
«Құтқарушылар күні қарсаңында ант қабылдау – жай ғана дәстүр емес, ұрпақтар сабақтастығының айқын символы. Алда жас құтқарушыларды күнделікті жауапты қызмет күтіп тұр, кезекшілік атқару, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға шығу және адам өмірін құтқару. Шығыс Қазақстанның күрделі климаттық жағдайлары мен географиялық ерекшеліктері құтқарушылардан жоғары кәсібилікті, қырағылықты және барынша шоғырлануды талап етеді.
Ант қабылдау күні, жас қызметкерлердің жадында мәңгі сақталатынына сенімдімін. Олар өңіріміздің тұрғындарын табиғи апаттардан қорғау жолында кездесетін барлық қиындықтар мен сынақтарды абыроймен еңсеріп, өз міндеттерін адал атқаратынына күмәнім жоқ», – деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының бірінші орынбасары Фархат Әміре.









