Алматы мектептерінде балалардың қауіпсіздігіне арналған практикалық сабақтар өтіп жатыр

    1 / 15

    Алматыда оқушыларға жол жүру ережесі, қоғамдық орындарда қауіпсіз жүріп-тұру және қауіпті жағдайда әрекет ету тәртібі үйретіліп жатыр. Оқу-жаттығу шаралары қала прокуратурасының бастамасымен Алматы әкімдігі және Полиция департаменті бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Балалар және жол: қауіпсіздік аумағы» жобасы аясында қолға алынған. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері айтты.

    Осындай шаралардың бірі Наурызбай ауданындағы №221 жалпы білім беретін мектепте өтті. 4-8-сынып оқушыларына жолда жиі кездесетін қауіпті жағдайлар бес түрлі көрініс арқылы көрсетілді.

    Оқушыларға автобустың немесе жол жиегінде тұрған көліктің алдынан жүгіріп шығудың неліктен қауіпті екені, домалап кеткен доптың артынан жүгірудің қандай қауіп төндіретіні және бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өту қандай салдарға әкелуі мүмкін екені түсіндірілді. Велосипед пен самокатты қауіпсіз пайдалану ережесі де назардан тыс қалмады.

    Бағдарлама аясында құқық қорғау органдары қызметкерлерімен де сабақтар өткізілді. Оқушыларға бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау кезінде сақталуға тиіс ережелер, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, есірткінің зияны және құқық бұзушылық үшін жауапкершілік туралы айтылды.

    Полицияның арнайы бөлімшелері қызметкерлері мен кинологтардың көрсетілімдері балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Оқушылар қызметтік иттердің күдікті заттарды қалай анықтайтынын көріп, арнайы бөлімше қызметкерлерінің кәсіби даярлық тәсілдерімен танысты.

    Іс-шараға Алматы прокуроры Серік Кәріпбеков, Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов және қалалық Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев қатысты.

    Практикалық сабақтар оқушыларға қауіпсіздік ережесін біліп қана қоймай, мектепке барар жолда, аулада немесе қоғамдық орындарда кездесуі мүмкін жағдайды талдауға мүмкіндік береді.

    Осындай сабақтарды Алматыдағы басқа да білім беру ұйымдарында құқық қорғау органдарының қатысуымен өткізу жоспарланып отыр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының әкімдігі" жаңалықтары