Астанада қысқы маусымға дайындық аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және тұрғындарды қажетті өнімдермен үздіксіз қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елордадағы азық-түлік қорын қалыптастыру, фермерлермен тікелей келісімшарттар жасасу және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары туралы Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев 24KZ телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Мақсат Қайратұлының мәліметінше, Павлодар, Қарағанды, Жамбыл және Түркістан облыстарының өндірушілерімен 11 мың тоннадан астам көкөніс жеткізуге форвардтық келісімшарттар жасалған. Сондай-ақ Ақмола, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай және Ақтөбе облыстарының кәсіпорындарымен 7 мың тоннаға жуық бакалея, сүт және ет өнімдерін жеткізу келісілген.
Бағаны тұрақтандыру үшін фермерлермен тікелей келісімшарттар жасалып, оларға егін егу кезеңінде алдын ала қаржы беріледі. Сонымен қатар айналым механизмі аясында кәсіпкерлерге қайтарымды негізде жеңілдетілген қаржыландыру ұсынылады. Бұл шаралар өнім қорын қалыптастыруға және делдалдық тізбекті қысқартуға мүмкіндік береді.
Келісімшарттар аясында жеткізілетін өнімдер «Magnum», «Small», «Фермаг», «Астықжан», «Вкусмарт», «Анвар», «Аян» сауда желілерінде, сондай-ақ «Шапағат», «Көктал» және «Сауран» базарларында белгіленген бағамен ұсынылады.
Елордада ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған жалпы сыйымдылығы 180 мың тоннадан асатын қоймалар бар. Олар азық-түлікті ұзақ мерзімге сақтауға және қысқы кезеңде нарыққа жеткізуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Астанада еліміздің 15 өңірінен келген тауар өндірушілердің қатысуымен күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп жатыр. Мұнда тұрғындар көкөніс пен басқа да өнімдерді делдалсыз сатып ала алады.
Азық-түлік бағасына бақылауды өңірлік комиссия жүзеге асырады. Оның құрамына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді. Комиссия сауда орындарындағы баға қалыптастыру үдерісін қадағалап, негізсіз үстемелер мен артық делдалдық буындарды анықтайды.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 31 түрге дейін кеңейтілді. Оларға белгіленетін шекті сауда үстемесі 15 пайыздан аспауға тиіс. Бұл талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Тұрақтандыру қорының негізгі міндеті – елорданың азық-түлікке деген барлық сұранысын өтеу емес, нарықтағы бағаның күрт өсуін тежеу және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Толығырақ бейнематериалда:









