Шығыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасының 2026 жылғы 8 қазандағы №297/573 бірлескен бұйрығына сәйкес, 2026 жылғы 13 қазанда ZOOM платформасында «Білім беру ұйымдарында тұмау, ЖРВИ және COVID-19 инфекциясының профилактикасы» тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараға қалалық және аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының басшылары мен эпидемиолог мамандары, білім бөлімдерінің басшылары және білім беру ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Семинар барысында «Ана мен бала орталығының» дәрігер-педиатры И.Р. Сагымбаева «Балалардағы ЖРВИ: клиникалық ұсыныстар және асқынулардың алдын алудың заманауи тәсілдері» тақырыбында баяндама ұсынып, балалар арасындағы вирустық инфекциялардың клиникалық ерекшеліктері мен ықтимал асқынулардың алдын алу мәселелерін қозғады.
ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы А.Ш. Калыкова «ҚР және ШҚО бойынша ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай, 2025–2026 жж. эпидмаусым қорытындысы» тақырыбында ақпарат беріп, өткен эпидемиялық маусымның қорытындылары мен өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталды.
ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Р.О. Тулесова «2026–2027 жж. эпидемиялық маусымда білім беру ұйымдарында тұмау, COVID-19 және басқа ЖРВИ-ге қарсы жүргізілетін профилактикалық іс-шаралар» тақырыбында баяндама жасап, білім беру ұйымдарында инфекциялардың таралуын болдырмауға бағытталған алдын алу шараларын түсіндірді.
Семинар қорытындысы бойынша 2025–2026 жылдардағы эпидемиялық маусымның нәтижелері қарастырылып, 2026–2027 жылдардағы маусымға дайындық аясында жүргізілуі тиіс профилактикалық іс-шараларға ерекше назар аударылды.








