Күзгі-қысқы кезеңде су айдындарында мұздың қалыптасуы басталады. Алайда алғашқы мұздың қаттылығы мен беріктігіне сенуге болмайды. Жұқа мұз адам салмағын көтере алмай, қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Шығыс Қазақстан облысында балық аулауды ұнататын азаматтар мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы қажет. Әсіресе алғашқы мұз қатқан кезде және күн жылынғанда су айдындарына шығу аса қауіпті.
Мұздың қауіпті учаскелері
Мұздың қалыңдығы су айдынының әр жерінде әртүрлі болуы мүмкін. Әсіресе өзен ағысы бар жерлерде, бұлақтардың маңында, қамыс өскен аумақтарда, су құятын жерлерде және қар басқан учаскелерде мұз әлсіз болады.
Мұздың үстінде жарықтардың пайда болуы, судың шығуы немесе сықырлаған дыбыстың естілуі – қауіптің белгісі. Мұндай жағдайда дереу қауіпсіз бағытпен жағалауға қарай қайту қажет.
Балықшыларға арналған қауіпсіздік ережелері
– Мұздың беріктігіне көз жеткізбей, су айдынына шықпаңыз.
– Мұздың беріктігін аяқпен теуіп тексермеңіз.
– Балық аулауға жалғыз бармаңыз, жақындарыңызға қай жерде болатыныңызды хабарлаңыз.
– Құтқару кеудешесін киіп, өзіңізбен бірге құтқару құралдарын, арқан және су өткізбейтін қаптағы ұялы телефон алыңыз.
– Қалың қар басқан және мұздың құрылымы белгісіз жерлерден аулақ болыңыз.
– Мұз үстінде от жақпаңыз және бір жерде көп адам болып жиналмаңыз.
– Алкоголь ішпеңіз. Ол қауіпті дер кезінде бағалау қабілетін төмендетеді.
Егер адам мұз астына түсіп кетсе, не істеу керек?
Ең алдымен, 112 нөміріне қоңырау шалып, оқиға орны туралы нақты ақпарат беріңіз. Зардап шеккен адамға көмек қажет екенін дауыстап хабарлаңыз.
Мұз астына түскен адамға көмектесу үшін оның жанына жүгіріп бармаңыз. Мұз үстімен жатып немесе еңбектеп, қауіпсіз қашықтықтан арқан, ұзын таяқ немесе басқа да қолда бар затты ұсынуға болады. Егер мұздың беріктігіне күмән болса, өз өміріңізге қауіп төндірмеңіз.
Судан шығарылған адамды суықтан қорғап, жылы жерге жеткізуге көмектесіңіз және медициналық көмек келгенше жанында болыңыз.
Құрметті балықшылар!
Бір сәттік немқұрайлылық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз, жұқа мұзға шықпаңыз және өз өміріңізді қатерге тікпеңіз.
Есіңізде болсын: қауіпсіздік – әр адамның өз жауапкершілігі!
Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне хабарласыңыз
Ұлан ауданының ТЖБ









