«Мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету» туралы ақпаратты таныстырып өтемін (Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 287 бұйрығынан).
Ортопедиялық аяқ киім – бұл науқас адамда табан деформациясы, ақаулары және функционалдық бұзылыстар болған жағдайда арнайы үлгіде және конструкцияда табан функцияларының орнын толтыру мақсатында дайындалатын аяқ киім.
Ортопедиялық аяқ киімді киюге ұсынысты дәрігер-ортопед немесе травматолог береді.
Қызмет алушылар күрделі немесе күрделілігі төмен ортопедиялық аяқ киіммен жылына 1 рет қамтамасыз етіледі.
Күрделі ортопедиялық аяқ киім, оның ішінде етікше келесі жағдайларда дайындалады: аяқтың қысқаруы 3 см және одан да көп болған жағдайда, эквиноварустық, вальгустық, плосковальгустық, майтабандық , лимфостазда аяқ ісіп піл тәрізді табан болғанда, Шопар, Лисфранк, Пирогов әдістері бойынша табан ампутациясының тұқылдары болғанда.
Күрделілігі төмен ортопедиялық аяқ киім аяқтың қысқаруы 3 см кем , жалпақтабандылық, өкше сүйегінің өсінділері (өкше шпоралары) және табанның басқа да патологиялары кезінде дайындалады.
Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 1 сыңар (жаздық немесе қыстық) аяқ киім беріледі. Мүгедектігі бар балаларға 2 сыңар (жаздық немесе қыстық) аяқ киім беріледі. Үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар 1 сыңар (жаздық немесе қыстық) аяқ киіммен, көзделген аяқ киімнің құнының 50 пайызын өз қаражаты есебінен төлей отырып қамтамасыз етіледі.









