Қазақстанның үздік спорттық құзға өрмелеушілері Қарағандыда бақ сынап жатыр

    1 / 3

    Қарағандыда спорттық құзға өрмелеуден Олимпиада бағдарламасына енген қос сайыс дисциплинасы бойынша Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Жарыста елдің алты өңірінен келген 39 ер және әйел спортшы екі бағдарлама — боулдеринг пен қиындыққа өрмелеуден жеңімпаздарды анықтайды.

    Қазақстанның үздік спорттық құзға өрмелеушілері Қарағандыда бақ сынап жатыр

    Қос сайыс спорттық құзға өрмелеудің екі түрін біріктіреді. Боулдерингте спортшылар сақтандыру құралдарынсыз төрт қысқа, бірақ күрделі бағыттан өтеді. Әр бағытты бағындыруға бес минуттан беріледі. Ал қиындыққа өрмелеуде спортшылар бір ғана әрекет жасап, белгіленген уақыт ішінде ұзын бағыт бойынша мүмкіндігінше биікке көтерілуі керек.

    Қазақстанның үздік спорттық құзға өрмелеушілері Қарағандыда бақ сынап жатыр

    Жарыстың ашылу салтанатында Қазақстан альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті Нұрсұлтан Шоқанов ұлттық құраманың үштен біріне жуығы Қарағандыдан шыққан спортшылар екенін атап өтті.

    — Бұл чемпионатты дәл Қарағандыда өткізіп жатқанымызға қуаныштымын. Қазір Қазақстанда спорттық құзға өрмелеу қарқынды дамып келеді. Аяқталып келе жатқан маусымда, соның ішінде халықаралық аренада да жақсы нәтижелерге қол жеткіздік, — деді Нұрсұлтан Шоқанов. — Бүгін сіздер өзара бәсекеге түсесіздер. Алайда жарыстан тыс уақытта бәріміз бір үлкен құзға өрмелеушілер отбасымыздың мүшесіміз.

    Қазақстанның үздік спорттық құзға өрмелеушілері Қарағандыда бақ сынап жатыр

    Чемпионатқа қатысушылардың қатарында 23 жастағы Азат Майкөтов та бар. Ол алты жасынан бастап құзға өрмелеумен айналысады. Оны спорт секциясына әжесі алып келген. Алғашқы жаттығуларын «Шахтер» стадионындағы шағын өрмелеу қабырғасында өткізген.

    Азат — қиындыққа өрмелеуден Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. 2021 жылы Қазақстанда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында жеңіске жеткен. Қазір оның сүйікті бағыты — боулдеринг. Бұл дисциплинада ойлау икемділігі мен тосын шешімдер таба білу қабілеті ерекше маңызды.

    — Маған боулдеринг көбірек ұнайды. Өйткені мұнда секіруге де, жүгіруге де, стандарттан тыс шешімдер табуға да болады. Бір ғана әрекетпен шектелмейсің, жарыс барысында да үйреніп, тәжірибе жинай аласың, — деді Азат.

    Қазақстанның үздік спорттық құзға өрмелеушілері Қарағандыда бақ сынап жатыр

    Биылғы маусымда қазақстандық құзға өрмелеушілер халықаралық аренада елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Ришат пен Рашид Хайбуллиндер Қытайда өткен 2026 жылғы VI Азия жағажай ойындарында тарихи қола медаль жеңіп алды. Ал Жапонияда өткен 2026 жылғы Азия ойындарында Дамир Тоқтаров қола медаль иеленді. Ол спорттық құзға өрмелеуден Қазақстанға осы жарыстың алғашқы жүлдесін әкелген спортшы атанды. Іріктеу кезеңінде Дамир 4,76 секунд нәтижесін көрсетіп, Қазақстан рекордын жаңартты.

    Қазақстанның үздік спорттық құзға өрмелеушілері Қарағандыда бақ сынап жатыр

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының әкімдігі" жаңалықтары