СКРИНИНГТІҢ АРҚАСЫНДА СҮТ БЕЗІ ОБЫНЫНЫҢ 17 МЫҢНАН АСТАМ ЖАҒДАЙЫ ЕРТЕ САТЫЛАРДА АНЫҚТАЛДЫ


    Қазақстанда мемлекеттік скринингтік бағдарлама шеңберінде сүт безі обырының 17 мыңнан астам жағдайы ерте сатыларда анықталды. Бұл ауруды тиімді емдеу мүмкіндігін едәуір арттырады.

    Ерте диагностика әйелдер денсаулығын сақтауға бағытталған Денсаулық сақтау министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді.

    15 қазан – Дүниежүзілік сүт безі обырына қарсы күрес күні. Осыған орай елімізде әйелдердің уақтылы тексеруден өтудің маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған «Қызғылт қазан» науқаны жалғасуда.

    Сүт безі обыры Қазақстан әйелдері арасында онкологиялық аурулардың ішінде бірінші орында тұр. 2025 жылы аурудың 5 743 жаңа жағдайы тіркелді.

    2008 жылдан бері елімізде ұлттық скринингтік бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде сүт безі обырының 19 018 жағдайы анықталды. Оның 17 186-сы I және II сатыларда тіркелген.

    Скрининг барысында аурудың III–IV сатыларда анықталған жағдайларының саны 2011 жылғы 66-дан 2025 жылы 16-ға дейін азайды.



    40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер тіркелген емханасында белгіленген жас кезеңдерінде екі жылда бір рет маммографиялық скринингтен тегін өте алады. Бұл тексеру ауру белгілері пайда болғанға дейін сүт бездеріндегі өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.

    «Қызғылт қазан» науқаны аясында еліміздің барлық өңірлерінде Ашық есік күндері мен онколог-маммологтардың тегін консультациялары ұйымдастырылуда.

    2025 жылы 8 400-ден астам әйел тексеруден өтті. Олардың 3 337-сінен сүт бездерінің түрлі патологиялары анықталды, оның ішінде сүт безі обырының 144 жағдайы тіркелді.

    31 қазанда Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында Ашық есік күні өтеді. Іс-шара барысында әйелдер онколог-маммологтың кеңесін тегін ала алады.

    Денсаулық сақтау министрлігі скринингтік тексерулерден тұрақты түрде өтудің маңыздылығын еске салады. Сүт бездерінде қандай да бір өзгерістер байқалған жағдайда жоспарлы тексеруді күтпей, дәрігерге уақтылы қаралу қажет.

    Ауруды ерте анықтау емнің тиімділігін арттырып, әйелдердің денсаулығы мен өмір сапасын сақтауға көмектеседі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі" жаңалықтары