2026 жылғы 14 қазанда кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның «Жасөспірімдер ортасында құқық бұзушылықтардың алдын алу» тақырыбында кеңейтілген отырысы өткізілді. Отырысқа қала мектептерінің директорлары, колледждер мен мектеп директорларының тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасарлары, емханалар мен отбасылық дәрігерлік амбулаториялардың психологтары мен әлеуметтік қызметкерлері, сондай-ақ қалалық полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлары қатысты.
Отырыс барысында мынадай мәселелер қаралды:
- білім беру ұйымдарында ерекше назар аударуды қажет ететін оқушыларды сүйемелдеу тәсілдерін іске асыру;
- кәмелетке толмағандарға қатыгездік көрсету мен олардың арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін бағалау;
- ағымдағы жылдың 9 айындағы кәмелетке толмағандарға қатысты оқиғаларды талдау (111 байланыс орталығына келіп түскен өтініштер, суицид жасау әрекеттері мен аяқталған суицид жағдайлары, жол-көлік оқиғалары, терезеден құлау, суға бату және құқық бұзушылықтар).
Білім бөліміне, мектептер мен колледждердің әкімшіліктеріне мынадай ұсынымдар берілді:
- «Balazhan» және «Qolda» платформалары арқылы барлық мектеп оқушылары мен колледждерде білім алатын кәмелетке толмаған студенттерді тестілеуді жалғастыру, кейіннен тәуекел топтарын анықтап, қажетті сүйемелдеуді шұғыл ұйымдастыру;
- әрбір мектеп пен колледждің кіреберісіне психологтың, әлеуметтік педагогтің және басқа да жауапты мамандардың, сондай-ақ Психологиялық қолдау орталығының байланыс телефондары көрсетілген ақпараттық баннерлер мен плакаттарды орналастыру;
- көрсетілген байланыс деректерін барлық оқушылар мен олардың ата-аналарына жеткізу және көмекке жедел жүгіну мүмкіндігін қамтамасыз ету.









