Өскемен қаласында кеміргіштердің таралуын болдырмау және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған контейнерлік алаңдарда және оларға іргелес аумақтарда профилактикалық дератизациялық жұмыстар жүргізілуде.
2026 жылғы наурыз-сәуір айларында жүргізілген бірінші кезең аясында мердігер ұйым контейнерлік алаңдарға үш рет өңдеу жұмыстарын жүргізді.
Дератизацияның екінші жоспарлы кезеңі 2026 жылғы қыркүйек-қазан айларына жоспарланған болатын. Алайда тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, жұмыстар 28 тамыздан бастап мерзімінен бұрын қолға алынды. Бұл кезеңде жеті күндік аралықпен кеміргіштерге қарсы уланған жемді үш рет орналастыру көзделген.
Қосымша мердігер ұйымға 2026 жылғы 3-22 қазан аралығында контейнерлік алаңдар мен оларға іргелес аумақтарда дератизацияның үшінші кезеңін қайта жүргізу тапсырылды. Бұл кезең аясында да жеті күндік аралықпен уланған жемді үш рет орналастыру қарастырылған. Жұмыстар қажетті тиімділік көрсеткішіне қол жеткізілгенге дейін жалғасады.
Сонымен қатар кеміргіштермен күресудің тиімділігі тек контейнерлік алаңдар мен оларға іргелес аумақтарды өңдеуге ғана емес, көппәтерлі тұрғын үйлердің жертөлелері мен техникалық үй-жайларында да дератизациялық жұмыстардың жүргізілуіне байланысты.
Аталған үй-жайлар кондоминиумның ортақ мүлкіне жататындықтан, олардың тиісті санитариялық жағдайын қамтамасыз ету, сондай-ақ кеміргіштердің енуі мен таралуына жол бермеу шараларын қабылдау міндеті кондоминиум объектісін басқару органына немесе үйді күтіп-ұстауға жауапты тұлғаға жүктеледі.
Тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін аталған аумақтар мен үй-жайларда кешенді дератизациялық жұмыстар жүргізіп, кеміргіштердің енуіне және паналауына мүмкіндік беретін орындарды жою қажет.









