Б. Ахметов атындағы колледжде халықаралық аккредиттеу аясында кәсіби тренинг өтті

    1 / 9

    Павлодар облысы Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжде білім беру сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби шеберлігін жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту стратегиясы жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

    Колледж дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі – педагогикалық ұжымның жоғары кәсіби әлеуеті. Оқытушылардың үздіксіз кәсіби дамуына, біліктілік санаттарын арттыруына, заманауи білім беру технологияларын меңгеруіне және халықаралық білім беру бастамаларына қатысуына ерекше көңіл бөлінеді.

    Колледждің жеті оқытушысы жоғары біліктілік санаты «педагог-шебер» атағына ие. Бұл – ұжымның жоғары кәсіби деңгейі мен әдістемелік жұмыстың нәтижелілігін айқындайтын көрсеткіш.

    Колледж қызметінің маңызды бағыттарының бірі – халықаралық жобаларға қатысу. 2024 жылдан бастап колледж педагогтер мен студенттердің құзыреттері мен көшбасшылық әлеуетін дамытуға бағытталған DARYA SCAFFOLD халықаралық жобасын жүзеге асыруға қатысуда. SCAFFOLD құралдарын қолдану болашақ педагогтердің көшбасшылық, бастамашылдық, ынтымақтастық және өз бетінше шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.

    Колледж педагогтері халықаралық кәсіби алаңдарда Қазақстанның атынан белсенді түрде, байқауларға, білім беру форумдарына, тәжірибе алмасу бағдарламалары мен тағылымдамаларға қатысуда.

    Халықаралық ынтымақтастық аясында оқытушылар Бішкек және Ашхабад қалаларында кәсіби тағылымдамадан өтіп, білім беру іс-шараларына қатысты. Колледж ұстазының Брюссель қаласында өткен Еуропалық білім беру қорының (ETF) халықаралық іс-шарасына қатысып, SCAFFOLD құралдарын қолдану тәжірибесін таныстыруы ерекше жетістік болды.

    Сонымен қатар, колледж оқытушылары басқа да халықаралық байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Атап айтқанда, 2026 жылы колледж оқытушысы ETF New Learning Award аясында халықаралық INSPIRATION AWARD марапатына ие болды. Бұл марапат инновациялық білім беру тәжірибелерін табысты енгізудің және колледж педагогтерінің жоғары кәсіби деңгейінің айқын дәлелі болды.

    Ұжым жұмысының кезекті маңызды кезеңі – «Ағылшын тілі мұғалімі» білім беру бағдарламасы бойынша халықаралық аккредиттеуден өту. Аккредиттеу аясында «APEC Training Center» ЖШС мамандарының қатысуымен педагогтерге арналған оқыту ұйымдастырылды. Оқытушылар курстық даярлықтан сәтті өтіп, City & Guilds халықаралық салалық аккредиттеу стандарты аясында нұсқаушы мәртебесін алу үшін біліктілік емтихандарын тапсырды.

    Аккредиттеу үдерісінің келесі кезеңінде «Ағылшын тілі мұғалімі» мамандығының студенттеріне де осындай оқыту ұйымдастыру жоспарлануда.

    Педагогикалық колледждің халықаралық аккредиттеуден өтуі оқытушылар мен студенттер үшін кең мүмкіндіктер ашады. Бұл олардың халықаралық деңгейде танылған сертификатталған маман болуына жол ашып, білім беру үдерісінің City & Guilds халықаралық стандартының қатаң талаптарына толық сәйкестігіне кепілдік береді.

    2026 жылғы 15 қазанда колледжде аталған білім беру бағдарламасын жүзеге асыруға қатысатын оқытушыларға арналған кәсіби тренинг өтті. Іс-шара халықаралық аккредиттеудің келесі кезеңдері аясында APEC Training Center мамандарының қатысуымен ұйымдастырылды.

    Тренингке сарапшылыққа халықаралық аккредиттеу жөніндегі маман Ұлпан Кемелова және ағылшын тілін оқыту саласындағы сарапшы әрі ментор Линда Смарт (Linda Smart) шақырылды.

    Тренингтің мақсаты – оқытушылардың кәсіби құзыреттерін дамыту, білім беру бағдарламасын халықаралық стандарттарға сәйкес жетілдіру және аккредиттеу үдерісінде әдістемелік қолдау көрсету.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Павлодар облысының білім беру басқармасы" мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары