Еңбек министрлігі А және В санаттарына қандай отбасылар жататынын түсіндірді

    ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) арқылы отбасылар мен үй шаруашылықтарының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтау тәртібін түсіндіруді жалғастыруда. Бұл жолы А және В санаттарына жататын, яғни әл-ауқаты жоғары және ауқатты отбасылар туралы айтылды.

    А және В санаттары отбасының материалдық жағдайы өте жоғары екенін білдіреді. Бұл санаттарды анықтағанда бірнеше көрсеткіш бірге қаралады. Олардың қатарында отбасының қаржылық жағдайы, бірнеше жылжымайтын мүлігінің, қымбат көлік, жеке бизнесі және ауқымды жер учаскелерінің болуы бар.

    Атап айтқанда, отбасының әр мүшесіне шаққандағы қаржылық қамтамасыз етілу деңгейі күнкөріс минимумының 7 мөлшерінен басталуы ескеріледі. Сонымен қатар бір адамға шаққанда ауданы 120 шартты шаршы метрден басталатын бірнеше тұрғын үйдің болуы, люкс санатындағы көліктер, коммерциялық жылжымайтын мүлік, ірі, орта және шағын бизнес, сондай-ақ көлемді жер учаскелері сияқты көрсеткіштер есепке алынады.

    Бұл ретте аталған белгілердің біреуінің болуы отбасының автоматты түрде А немесе В санатына жатқызылатынын білдірмейді. Бағалау отбасының материалдық жағдайы мен әлеуметтік тұрақтылығын сипаттайтын барлық көрсеткішті бірге қарастыру арқылы жүргізіледі.

    Отбасының санатын анықтау үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер пайдаланылады. Атап айтқанда, қаржылық жағдайы, отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, тұрғын үй жағдайы, мүлкі, көлік құралдары, кредиттік міндеттемелері, бизнесі, жер учаскелері, жеке қосалқы шаруашылығы және отбасының әлеуметтік жағдайына қатысты басқа да мәліметтер ескеріледі.

    Осылайша, жеке пәтердің, көліктің немесе басқа да мүліктің болуы өздігінен отбасын ауқатты деп тануға негіз болмайды. Отбасының түпкілікті санаты барлық мәліметті жиынтық түрде бағалау арқылы анықталады.

    Айта кету керек, отбасының әлеуметтік әл-ауқат санаты тұрақты болып қалмайды. Егер отбасының өмірлік жағдайы, материалдық ахуалы, құрамы немесе мүліктік жағдайы өзгерсе, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі жаңартылған мәліметтер негізінде бағалау қайта қаралуы мүмкін.

    Азаматтар өздері және отбасы туралы қолжетімді мәліметтерді электрондық үкімет сервистері арқылы тексере алады. Егер ақпараттан қате анықталса, оны тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар жаңартады.

    Еске салайық, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде мұқтаждық қағидаты қолданылады. Бұл өзгерістер заңнамада белгіленген қолдау түрлеріне ғана қатысты болады және көзделген ерекшеліктер ескеріледі.

    Жаңа тәсіл отбасылардың әлеуметтік әл-ауқат деңгейін дәлірек анықтауға және азаматтардың нақты өмірлік жағдайларын ескере отырып, мемлекеттік қолдауды шын мәнінде мұқтаж отбасыларға бағытталуын арттыруға арналған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" жаңалықтары