Ұлытау облысы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға және парақорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері түрлі сала өкілдерімен түсіндіру кездесулерін өткізіп, азаматтарға пара алу ғана емес, пара беру де заң алдында жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертуде.
Профилактикалық іс-шаралар барысында «Яндекс» такси сервисінің жүргізушілерімен, ЖШС «Tranco» жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниясының өкілдерімен, сондай-ақ №65 Оңтүстік Жезқазған кенішінің жұмысшыларымен жиын өткізілді. Кенші өкілдерімен ұйымдастырылған кездесуге 120-дан астам қызметкер қатысты.
Кездесулер барысында қатысушыларға пара берудің құқықтық салдары, полиция қызметкерлеріне заңсыз ықпал етуге жол берілмейтіні және кез келген даулы мәселені тек заң аясында шешу қажеттігі түсіндірілді.
Биылғы жылдың тамыз айында орын алған оқиға осының айқын дәлелі болды. Жекеменшік компаниялардың бірінің басшысы Ұлытау облысы Полиция департаменті басқармаларының бірінің бастығына пара бергені үшін ұсталып, сот үкімімен кінәлі деп танылды.
Қызметтік міндетке адалдық пен заң талаптарын бұлжытпай сақтаудың тағы бір мысалы биылғы жылдың шілде айында Сәтбаев қаласында тіркелді. Учаскелік полиция инспекторы өзінің шотына күмәнді ақша қаражаты түскені туралы Өзіндік қауіпсіздік басқармасына дер кезінде хабарлаған. Тексеру барысында жергілікті тұрғынның әкімшілік іс жүргізуге байланысты полиция қызметкеріне ақша аударғаны анықталды. Сот шешімімен лауазымды тұлғаға заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін аталған азаматшаға 876 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Бұл оқиғалар мәселелерді заңсыз жолмен шешуге әрекеттенудің құқықтық жауапкершілікке әкеп соғатынын, ал полиция қызметкерлерінің қағидатшылдығы мен қызметтік міндеттерін адал атқаруы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте маңызды рөл атқаратынын айқын көрсетеді.
Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері азаматтарды заңсыз сыйақы ұсынбауға, сыбайлас жемқорлық сипатындағы ұсыныстарға келіспеуге және пара талап ету фактілері туралы құзыретті органдарға хабарлауға шақырады.
Өзіндік қауіпсіздік басқармасының сенім телефоны: 8-702-630-54-96.









