Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ЕРСАЙ портындағы заманауи контейнерлік терминалдың құрылыс барысымен танысты

    1 / 5

    Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Құрық кентіндегі «ЕРСАЙ» индустриялық теңіз порты аумағында салынып жатқан заманауи контейнерлік терминалдың құрылыс барысымен танысты. Жобалық қуаттылығы жылына 120 мың ДФЭ болатын нысанды биыл желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 85%-ы орындалды.

    Қазақстандық Lancaster Group және Atasu Group компаниялары бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобаның жалпы аумағы 50 мың шаршы метр. Терминал теңіз, теміржол және автомобиль көлігі арқылы контейнерлік және өзге де жалпы жүктерді өңдеуге арналған.

    Нысанның үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуі үшін заманауи жүк тиеу-түсіру техникасы қарастырылған. Атап айтқанда, терминал маневрлік локомотивтермен, жүк көтергіштігі 45 тонна болатын екі порттық рельсті тіреулі кранмен, порттық буксирмен, ричстакерлермен және айырлы жүк тиегіштермен жабдықталады.

    Жаңа контейнерлік терминал Қытай, Қазақстан, Каспий маңы елдері, Кавказ және Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік маршрутының әлеуетін арттырады. Сонымен қатар жобаны іске асырудың әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Терминал толық іске қосылғанда 60 жаңа жұмыс орны ашылады.

    Портта ұзындығы 1 300 метрлік жеті айлақ, жеке акватория және кемелердің жыл бойы қауіпсіз қатынауына мүмкіндік беретін кіреберіс каналы бар. Порт инфрақұрылымын дамыту аясында теңіз түбін тереңдету жұмыстары да жүргізілуде. Бұл терең шөгімді кемелердің портқа қауіпсіз кіруін қамтамасыз етуге, акваторияның өткізу қабілетін арттыруға және өңделетін жүк түрлерінің аясын кеңейтуге жағдай жасайды.

    Жұмыс сапары барысында облыс әкімі өңірдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалардың маңыздылығына тоқталып, құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуы керектігін айтты.

    Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары